Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Республика күніне арналған «Гүлдене бер, менің Қазақстаным» патриоттық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты Қазақстан Республикасының даму және қалыптасу жолы туралы білімдерін байыту, еліміздің тарихына деген қызығушылық пен құрметті қалыптастыру, патриоттық сезім мен туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Мерекелік шараны Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлері 804-ші полкінің бірінші командирі, полковник Жұманов Союзжол Сұлтанұлы және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Ерімқызы ашты. Сондай-ақ әскери тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бөлімшесінің аға көмекшісі, капитан Отарбаев Ербол Есілбайұлы сөз сөйледі.
Іс-шара аясында келушілер назарына Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланның «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған» көрмесі ұсынылды.
Шара барысында Қ.Сәтбаев атындағы №56 атындағы гимназия, Махатма Ганди No92 мамандандырылған лицейі оқушылары «Қазақстан мақтанышым» әнімен, «Біздің Отанымыз – Қазақстан» мәнерлеп өлең оқудан өнер көрсетті. Орал Таңсықбаев атындағы Республикалық сәндік-қолданбалы өнер колледжінен дәстүрлі қолөнер түрлері, «Творим вместе» кескіндеме мектебі мен «Giraffe ar tschool» қосымша білім беру орталығынан сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік-сабақтар өткізілді. Мерекелік күні музей кинотеатрында «Көшпенді», «Біз осында тұрамыз» фильмдерінің көрсетілімі өтті.