Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.
Өзгерістер екі негізгі міндетті шешуге бағытталған. Біріншіден, бақылау мен жауапкершілікті күшейту, яғни ақпаратқа қол жеткізу саласындағы жауапты өкілетті органды анықтау мен оның құзыретін айқындау ескерілген. Сондай-ақ әрбір мемлекеттік органда өкілетті құрылым немесе осы саладағы жауапты қызметкерді белгілеу ұсынылады. Екіншіден, заңның қолданыс аясын кеңейту үшін мемлекеттік функцияларды орындаушы ұйымдарды ақпарат иелері қатарына жатқызу және квазимемлекеттік сектор мен басқа да ұйымдарды ашық деректерді жариялауға міндеттеу ұсынылады, - дейді заң жобасын таныстырған ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Оның айтуынша, заң жобасына отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттігін арттыру бойынша бірқатар түзету енгізіледі.
Осы орайда мемлекеттік ақпараттық саясаттың бірыңғай жүйесін құру ескерілген. Ол үшін салалық ведомствоға республикалық және өңірлік деңгейдегі мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастырудың бірыңғай тәртібін айқындау бойынша өкілеттік беру ұсынылады. Мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру жөніндегі республикалық және өңірлік комиссиялардың мәртебесін заң жүзінде бекітеді. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік орган өкілдері тең дәрежеде енгізілетін болады, - дейді министр.