Мемлекеттік машинаның басқару жүйесі ескірген – сенатор

19 Қаңтар 2022, 18:37
1956
Бөлісу:
Мемлекеттік машинаның басқару жүйесі ескірген – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздік мерейтойының “Қаңтар қасіретіне” ұласуына төменнен жоғарыға келетін жалған статистикалық мәліметтер де әсер етті. Бұл туралы Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Facebook-тегі парақшасында жазды.

Тәуелсіздігімізге отыз жыл толды деп дүрілдетіп тойлаған тойымыздың аяғы “қаңтар қасіретіне” ұласты. Қасіретке кінәліні іздеудің қажеті жоқ, оған біз, барлық деңгейдегі билік жауаптымыз. Төменнен жоғарыға берілетін өтірік есептер мен ақпараттар (жұмыссыздық деңгейін, азық-түлік, отын бағасын төмендетіп көрсететін жалған цифрлар), бұл мәселелер Сенатта әріптестер тарапынан талай рет айтылды,  жазылды. Бірақ естір құлақ болмады, - дейді ол.

Мұрат Бақтиярұлы Үкіметтің осы уақытқа дейін шындыққа көз жұмып келгенін айтты.

Үкімет жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін үнемі төмен көрсетумен келді.  2021 жылғы Үкіметтің есебінде 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетсе, кедейшілік деңгейі 4,5% аспайды деп ақпарат берді. Осы шындыққа сәйкес келе ме? Жоқ, шын мәнінде, жұмыссыздық деңгейі бізде жоғары, біздің есебіміз бойынша үш млн азамат екі қолға бір күрек таппай келеді. Демек кедейлеріміздің саны да осы деңгейде. Авторитарлық билік қоғамның өтпелі кезеңінде біршама  жемісін бергенімен кейін қоғам дамуының тежеуішіне айналды. Мұны барлығымыз біліп, сезіп жүрдік, бірақ үнсіз қалдық. Тек бір бағытта ғана айналатын мемлекеттік машинаның үлкен шеңберінен шыға алмадық. Барлығын бір ғана адам шешеді, оның айтқаны үнемі дұрыс, сондықтан мүлтіксіз орындалуы керек деген қасаң түсінікті бойымызға сіңірдік. Көпшілігіміз мемлекеттік машинаның тозған болттары мен ескірген майларын ауыстыру керек екенін, ауыстырмаса машина апатқа ұшырауы мүмкін екенін байқап жүрдік. Іштей күңкілдегенмен сырттай барлығы дұрыс дедік. Кейде іштегі жиналған запыранды сыпайылап сыртқа шығарсаң кей әріптестерім, әкімшіліктен, үкіметтен соны айтып керегі не, ұят болады ғой деп ескерту айтып жатады, - деді ол.

Сондай-ақ сенатор Елбасының еңбегін жоққа шығармау керек екенін айтты.

Кім не десе – о десін, бірінші президенттің жаңа мемлекет құрудағы еңбегін мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Біз қазір тас лақтырсақ, келер ұрпақ бізді зеңбірекпен атады. Әрине, көп қателікке жол берді. Ел байлығы азғантай топтың қолына шоғырланды. Әлеуметтік әділетсіздіктер адам төзгіссіз жағдайға жетті. Оны айта беріп қайтеміз. Халық саны аз, табиғи ресурстарға аса бай мемлекет кедей мемлекет болып қалудамыз. Қазір біздің жүз мыңдаған азаматымыз, әсіресе жастарымыз Еуропа, Америка, Азияның дамыған мемлекеттеріне барып, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігінің жоғары екенін көріп, неге бізде барлығы бола тұрып жалақымыз төмен, халық кедей тұрады деген сұрақтар қояды. Жауап біреу – мемлекеттік машинаның басқару жүйесі ескіріп-шіріген, оны мүлдем ауыстыру керек. Оны менің пікірімше, саяси жүйеден бастауымыз қажет. Ата заңды, сайлау туралы заңды  өзгерту (бір мандатты округтен барлық аудан, қала, облыс мәслихаттарының депутаттары және парламент депутаттарының елу пайызы сайлану керек), - деп жазды ол.

Депутат жазбасында қос палаталы Парламентті таратып, құрамды қайта жасақтау керек екенін айтты.

Президентке жаңа жағдайда жұмыс істетуге мүмкіндік беру үшін биылдан қалдырмай Парламентті таратып, жаңа құрамда Парламент жасақталу қажет. Бәлкім білікті, күшті, тек сайлаушыларына ғана тәуелді бір палаталы Парламент те дұрыс болар. Келешекте Үкіметке де, өңір әкімдіктеріне де жігерлі, мемлекетшіл тұлғалар келу керек. Жүйелі реформалық өзгерістер ел дамуының ең тиімді жолы. Бұдан басқа жол жоқ бізде. Өйткені төмендегілер ескіше енді тұра алмайды. Жоғарыдағылар бұрынғысынша басқара алмайды, - деп мәлім етті ол.

Өзгелердің жаңалығы