Мемлекеттік күзет қызметіне іріктеу басталады

Іріктеу науқаны 10 сәуірге дейін жалғасады.

 gov.kz Бүгiн 2026, 17:07
Бүгiн 2026, 17:07
232
Фото: gov.kz

2026 жылғы 2 наурыздан бастап еліміздің барлық аймағындағы жергілікті әскери басқару органдарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі қатарындағы мерзімді әскери қызметке үміткерлерді іріктеу жұмыстары жүргізіледі. Іріктеу науқаны 10 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Мемлекеттік күзет қызметі сарбаздары қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180 см-ден жоғары және 195 см-ден аспайтын, денсаулығы жарамды, білімі орта, арнаулы орта немесе жоғары азаматтар қабылданады. Жоғары білімі бар, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар үміткерлерге басымдық беріледі.

Іріктеуден өткен сарбаздар әскери борышын Астана және Алматы қалаларындағы “Айбын” және “Батыр” президенттік полктерінде өтейді. Олар тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен жауынгерлік және арнайы даярлықтан өтіп, әскери мамандықтарды меңгереді.

Мерзімді қызмет сарбаздарына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы эталондарын күзету, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін протоколдық іс-шараларға қатысу, сондай-ақ күзетілетін тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері жүктеледі.

Ведомство мәліметінше, Мемлекеттік күзет қызметіндегі мерзімді әскери қызмет жас азаматтар үшін тәртіп пен жауапкершілікті шыңдайтын маңызды мектеп саналады. Қызметін аяқтаған сарбаздар келісімшарт негізінде әскери қызметін жалғастыра алады.

Болашақта арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе офицері атанып, күзетілетін тұлғалар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында еңбек ету мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар мерзімді қызмет өткерген азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.

Наверх