20 ақпаннан бастап кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында өз ісін ашуға ниетті азаматтардың бизнес жобалары үшін гранттарға өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өтінімдер онлайн форматта business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады.
Грант үлестіру жұмыстары екі бағытта жүргізіледі.
Атап айтқанда, жұмыссыздар, жеке дара кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі үш жылдан аспаған) және әлеуметтік санаттағы азаматтар үміткер бола алады.
•еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
• мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адам (жұбайы не зайыбы);
• «қандас» мәртебесі бар адамдар;
• өңіраралық қоныс аударушылар (көші-қонға қатысушылар);
• көпбалалы отбасының мүшесі (жұбайы не зайыбы);
• асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
• аз қамтылған отбасылардың мүшелері;
• мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аспаған дара кәсіпкер;
• жұмыссыздар
Грант сомасы 400 АЕК мөлшері негізінде 1 млн.380 мың теңгені құрайды.
Гранттар мал мен жануарлар, құстар, көшеттер, бұталар мен тұқымдар, қажетті еңбек және технологиялық құрал-жабдықтары, сатып алуға, бастапқы бизнесті өткізуге арналған үй-жайлар, сауда объектілерін жалдау ақысын төлеу және пайдалануға сенімгерлік басқару үшін яғни тек нысаналы мақсаттарда қамтасасыз етіледі.
Ескере кететін жәйт, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй салуға немесе сатып алуға, акцизделетін өнімдерді өндіруге гранттар қарастырылмайды.
Айта кетейік, 2022 жылы «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобасы» аясында 120 269 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 600-ден астам азамат қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жолданып, жаңа бизнес жүргізу үшін 2900-дей адамға грант берілді.
2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша аталған жоба негізінде 9211 адам қатысып үлгерді. Оның ішінде 6849 адам жұмысқа орналасса, 3497-сі тұрақты жұмыспен қамтылды.