Қазақстанның мемлекеттік аудиторларының қатары 59 сертификатталған маманмен толықты, деп хабарлайды BAQ.KZ Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл төрт айдың қорытындысы бойынша ҚР Жоғары аудиторлық палатасы 59 мемлекеттік аудитор және 5 жоғары санатты мемлекеттік аудитор сертификатын берді.
Жалпы конкурстық рәсімдерге 109 адам қатысты. Оның ішінде 9 үміткерге жоғары санатты мемлекеттік аудитор біліктілігін, сондай-ақ 36 үміткерге мемлекеттік аудитор біліктілігін беруден бас тартылды, - делінген ведомство хабарламасында.
Сертификаттау екі кезеңнен тұрады. Алдымен үміткерлер тест сұрақтары мен кешенді жағдаяттық тапсырмалардан тұратын біліктілік емтиханын тапсыру арқылы білімдерін растайды. Емтихан мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік секторда бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау, сондай-ақ сәйкестік аудиті, тиімділік аудиті сияқты және т.б. пәндерді қамтиды.
Екінші кезең шеңберінде үміткерлер Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы басқаратын Ұлттық комиссияда әңгімелесуден өтеді. Мұнда іріктеуге қатысушылардың кәсіби даярлық деңгейі, олардың құзыреттері мен жеке қасиеттері, сондай-ақ мемлекеттік аудиторлардың кәсіби әдеп ережелерін сақтауға бейімділігі тікелей бағаланады.
Анйта кетейік, экономика және бизнес, құқық, ақпараттық технологиялар сияқты бағыттар бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кандидаттар Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер бола алады. Бұл ретте үміткердің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүйесінде кемінде 3 жылдық жұмыс тәжірибесі болуға тиіс.