ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасын орындау аясында Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясы тексеру жүргізіп, «Каспий» ӘКК» АҚ қызметінде бірқатар бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтыды.
Нәтижесінде 747 млн теңгеден астам қаржылық бұзушылықтар анықталды. Оның 730 млн теңгеден астамы қалпына келтірілуге жатады, ал 17 млн теңгеден астамы бюджетке қайтарылуға тиіс.
Сонымен қатар 1,7 млрд теңгеден астам қаражат тиімсіз пайдаланылғаны және 13 рәсімдік бұзушылықтар анықталды. Осы кезеңге жоғалған пайда 2,3 млрд теңгеден асты.
Атап айтқанда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны тұрақтандыру механизмдерін іске асыруға бөлінген қаражат есебінен кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру арқылы 500 млн теңгеден астам қаражатты негізсіз пайдаланған. Бұл ретте өңірде бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыс толық көлемде жүргізілмегені анықталды. Атап айтқанда, сиыр еті, тауық еті және сары май мүлдем сатып алынбаған.
2022-2023 жылдары әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияда 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның 8-і жүзеге асырылмаған. Нәтижесінде 154 млн теңгеден асатын қаржы мен активтер тиімсіз жұмсалып отыр. Мәселен, қуаты 12 МВт күн электр станциясын салу, жүзімдіктер отырғызу, балық өнімдерін қайта өңдеу бойынша шағын цех құру, ұн тарту цехын ашу сынды жобалар іске асырылмаған.
Жүргізілген аудит қорытындысы нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша тиісті нұсқамалар әзірленді.
Естеріңізге сала кетейік, Жоғары аудиторлық палата Түркістан облысындағы жекелеген инвестициялық жобалардың аудитінен және «Түркістан ӘКК» АҚ қызметіндегі кемшіліктерді анықтағаннан кейін өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға тексеру жүргізуді тапсырған болатын.