Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ұсынған Жаһандық басқару бастамасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаманы қолдап, бірден өз қолдауын жеткізген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елші атап өткендей, қазіргі әлем күрделі өзгерістер кезеңін бастан кешіп отыр. Аймақтық қақтығыстардың жиілеуі, экономикалық өсімнің баяулауы, антиглобализация үрдістерінің күшеюі мен жаңа сын-қатерлер жаһандық басқару жүйесін жетілдіру қажеттілігін көрсетеді. Осындай жағдайда Қытай төрағасы ұсынған бастама уақыт талабына сай шешім ретінде бағаланып отыр.
Қазақстанда “Бірлік бар жерде – тірлік бар” деген мақал бар. Соңғы жүз жылда бұрын-соңды болмаған күрделі әрі терең өзгерістер жағдайында тек мемлекеттердің біріккен күш-жігері ғана қазіргі заманғы сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік береді, – деді ҚХР Елшісі.
Хань Чуньлинь Қытайдың Қазақстанмен және барлық серіктесімен бірлесе отырып, бастаманы жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Біздің ортақ мақсатымыз – әділ әрі тиімді жаһандық басқару жүйесін қалыптастыру және бейбітшілік пен өркендеудің жарқын болашағына бірге жол ашу, – деді ол.
Еске сала кетсек, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ШЫҰ+ форматындағы отырыста жаһандық басқаруға қатысты жаңа бастаманы ресми түрде ұсынған болатын. Бастама бес негізгі қағидатқа сүйенеді: егеменді теңдік, халықаралық құқықты сақтау, көпжақтылықты дамыту, адамға бағдарланған тәсіл және әрекетке бағытталу.
Елшінің айтуынша, Қазақстан Президентінің қолдауы бұл бастаманың халықаралық деңгейде кең қолдау тауып отырғанын көрсетеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Тоқаев 1 қыркүйекте Қытайда өткен "Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету" тақырыбына арналған "ШЫҰ+" саммитінде сөз сөйлеген болатын.