Мемлекеттер басшылары ғылыми және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа үлкен мән береді

Бүгiн, 02:17
111
Бөлісу:
Мемлекеттер басшылары ғылыми және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа үлкен мән береді
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі көктемде Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы» аллеясын ашу жөнінде шешім қабылдағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл қала тұрғындары мен қонақтары сейіл құратын көрікті орынға айналады. Сондай-ақ ол Астанада қыркүйек айында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді қатысқаны үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді. Қазақстан Президенті 2026 жылы елімізде спорттың дәстүрлі түрлері мен киберспортты ұштастыратын Үшінші «Болашақ ойындары» ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Бұл бірегей сайыстың әуелгі бастамашысы – Ресей.

Биыл тамыз айында өткен Астананың Мәскеудегі мәдениет күндері көпшіліктің зор ықыласына бөленгенін атап өткім келеді. Қазан қаласында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының ескерткіш бюсті ашылды. Бұл – айтулы оқиға. Бұдан бөлек, Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында қазақ ұлттық классикасының жауһары – «Абай» операсы қойылды. Таяу жылдары әйгілі Третьяков галереясында және Эрмитажда Қазақстанның мәдени-тарихи жәдігерлерін паш ететін көрмелер ұйымдастырылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесіне айрықша тоқталды

Бүгінде Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды. Бұл ресейлік білім беру стандарттарына сұраныстың көптігін, екі елдің жан-жақты білім және тәжірибе алмасуға мүдделі екенін көрсетеді.

Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Қазақстанда Ресейдің жетекші техникалық білім беру мекемелерінің 7 филиалы ашылды. Көп ұзамай Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы есігін айқара ашады. Ал бүгін Омбы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы өз жұмысын бастады. Бұл – қазақстандық жоғары оқу орнының Ресейдегі алғашқы өкілдігі. Сонымен қатар Ресейдің шекара маңы аймақтарында қазақ мектептерін салу, сәйкесінше Қазақстан аумағында (дәлірек айтсақ Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында) ресейлік мектептерді ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл екі елдің білім беру саласындағы байланыстарын нығайтып, өскелең ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы орыс тілі қос халықтың ынтымағын жарастыратын маңызды фактор екенін атап өтті.

Еліміздегі мектеп оқушыларының үштен бірі орыс тілінде білім алады. Біз бұл мәселеге ерекше маңыз береміз. Халықаралық орыс тілі ұйымын құруды дәл осы себепті ұсындым. Келіссөздерде көтерілген тағы бір маңызды тақырып – екі елдің аумағында өмір сүріп жатқан қандастарымызды қолдау. Бұл ретте «Отандастар» қоры мен «Россотрудничество» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдың маңызы зор болар еді. Мұндай уағдаластықтар халықтарымыздың өзара түсіністігін тереңдетуде ерекше рөл атқарады, жұртшылық арасында кеңінен қолдау табады, – деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы