Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қалалық №3 көпсалалы ауруханасының акушерлік-неонаталдық қызмет жөніндегі директордың орынбасары Зайтун Хамидуллина Nur Otan партиясының праймеризіне қатысып жатыр.
Осы орайда медицина саласының маманы праймеризге не себепті қатысуға бел буғаны туралы айтып берді.
Зайтун Хамидуллина медицина саласында еңбек етіп жүргеніне 40 жылдай уақыт болды. Көп жылдық тәжірибесін алға тартып, Nur Otan-ның праймеризіне қатысуға өтінім берді.
Оның айтуынша, еліміздің саяси даму тарихында алғаш рет Nur Otan партиясы праймериз өткізуде. Праймериз нәтижесінде партиялық кадрлық резерві құрылады.
Дәрігерлік – аса жауапкершілікті талап ететін мамандық. Адам денсаулығына қызмет еткен ақ халатты жандарды кез келген мемлекетте бағалайды. Праймериз мүмкіншілігі арқылы осы саладағы мамандарға тиісті тәжірибе алып, білімін толықтыруға жағдай жасағым келеді. Ал осы алған білім негізінде ана мен сәби өлімін барынша азайтып, олардың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік жасау. Себебі халқымыздың баянды болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі күні ана денсаулығымен тікелей байланысты, - дейді дәрігер.
Сондай-ақ, дәрігер кәсіби қызметін атқара отырып, медицина саласындағы көкейкесті мәселелерді шешуге де үлес қосамын дейді.