Мемлекет қаржысын үлестірудегі тамыр-таныстық – ел экономикасының соры

21 Қараша 2022, 11:50
1189
Бөлісу:
Мемлекет қаржысын үлестірудегі тамыр-таныстық – ел экономикасының соры
PHOTO

Мемлекеттің көмекқаржысын үлестірудегі медетшілік, яғни тамыр-таныстық – Қазақстан экономикасының соры. Бұл монополияға және олигополиялық бәсекелестікке әкеп соқтыратын қасірет, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Еліміз одан әлі күнге дейін арыла алмай келеді. Соның салдарынан еңбек өнімділігі тежеліп, инвестиция төмендейді. Халықтың жан басына шаққандағы табысы азаяя түседі.  Астанада таяу күні «Экономика туралы сөйлесу: Қазақстан жаңа болмыс аясында» тақырыбында өткен кең көлемді кездесу барысында осындай өткір пікір айтылды. 

NAC Analytica экономикалық модельдеу орталығы Қазақстанның орта және ірі 30 мың кәсіпорнының 2009-2019 жылдарда жүргізген қызметіне талдау жүргізіпті. Мәлім болғанындай, мемлекеттен жыл сайын орта есеппен 330 орта және ірі компания көмекқаржы алып тұрған. Қаржының басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен көрсетілетін қызметтерге бөлінсе, 4%-ы ғана өңдеуші өнеркәсіпке бөлініп келген.

Мемлекет қаржысын үлестірудегі тамыр-таныстық – ел экономикасының соры

Бір қызығы, компаниялардың 25%-ы 2014 жылдан 2018 жылға дейін бес жыл бойы тұрақты түрде көмекқаржы алып келген. Өңдеуші өнеркәсіп саласында істейтін компаниялардың 21%-ына көмекқаржы алты жыл қатарынан берілген. Ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 51%-ды көрсетеді. Тағы бір дерек, өңдеуші секторда ең көп субсидия алатын 5 фирманың нарықтағы үлесі 40%-дан 83%-ға дейін жетеді, - дейді  аталмыш зерттеу орталығының аға зерттеушісі Зарина Әділханова. 

Оның айтуынша көмекқаржыны бөлудегі орынсыз, әділдікке жатпайтын жақтастық әрекеттердің салдарынан Қазақстанның экономикасы бүгінде тым монополиянып кеткен.   

Мемлекет қаржысын үлестірудегі тамыр-таныстық – ел экономикасының соры

Мысалы, экономиканың 26 секторының 11-інде бар болғаны 10 шақты компания нарықтың 50%-ын иеленіп алған. Бұл секторларда өнімділік те бәсекелестік те төмен. Тіпті бәсекелестік жоғары дейтін секторлардың өзінде, мысалы тамақ өнімдері өндірісінде 10 компания нарықтың 16%-ын қамтиды. Ал сусындар шығару өндірісінде 30%-ды алып жатыр. Қалған 12 секторда ірі фирмалардың нарықтағы үлесі 30%-дан 50%-ға дейін барады, - дейді З. Әділханова.   

Орталықтың эконометриялық есептеу нәтижелеріне сәйкес еліміздің индустрия саласында өнімділік 2009-2017 жылдар аралығында едәуір түсіп кеткендігі анықталды. Мал шаруашылығы, тоқыма бұйымдары және дәрі-дәрмектерді қоспағанда, экономиканың алты секторында, негізінен дәнді дақылдар өндірісі, тамақ өнеркәсібі, металлургия және дайын металл бұйымдары саласында өнімділік айтарлықтай төмен. 

Мемлекет қаржысын үлестірудегі тамыр-таныстық – ел экономикасының соры

Тағы бір мәселе - ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар. Қазақстанда тіркелген фирмалардың 4,4%-ы ғана ғылыммен айналысады. Олардың 14,5%-ы өңдеуші өнеркәсіпте, 5%-ы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Бұл Қазақстанның нарығы үшін өте аз, - дейді NAC Analytica аға зерттеушісі.

Маманның айтынша мемлекеттен көмекқаржы алатын әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа өнімдер мен жаңа технологияларды ендіретін фирмалар өздерінің өнімділігін екі есеге дейін арттырады. Яғни ғылыми жұмыстармен айналыспайтын кәдуілгі фирмалармен салыстырғанда олардың тиімділігі 18%-ға жоғары.  

Мемлекет қаржысын үлестірудегі тамыр-таныстық – ел экономикасының соры

Сонымен қатар мемлекеттің қатысуымен жұмыс істейтін немесе толығымен мемлекет меншігіндегі кәсіпорындармен салыстырғанда шетелдік капиталы бар немесе шетелдік тұлғалардың меншігіндегі жеке кәсіпорындардың қызметі анағұрлым тиімді екендігі анықталды. Бұдан басқа инвестиция, компанияның табысы, жалақы, сондай-ақ қызметкерлердің біліктілігіне көңіл бөлу – компаниялардың өнімділігін арттыра түседі. 

Экономиканы әр тарапты дамыту үшін оған мемлекеттің қатысуын азайтып, ғылымға жіті көңіл бөліп, жаңа технологияларды енгізу қажет. Ал ол үшін отандық нарықта еркін бәсекелестік болуы керек, - деп сөзін қорытындылады Зарина Әділханова. 

Айта кетелік, экономика туралы диалогқа қаржы-экономика саласының белгілі сарапшылары, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы ұйымдарының, академиялық қауымдастықтың және іскерлік БАҚ өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы