Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві мен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне «Ұлттық» мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. Құжат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Жаңа мәртебе архивтердің еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтаудағы айрықша маңызын көрсетеді. Сондай-ақ архив құжаттарының сақталуы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, қорларды цифрландыру және құнды тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу ісіндегі рөлін айқындайды.
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві 1921 жылы құрылған. Архив қорында еліміздің әр кезеңдегі тарихынан, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуынан, ұлттық мәдениет пен ғылымның дамуынан сыр шертетін бірегей құжаттар сақталған. Бұдан бөлек, көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты құнды деректер жинақталған. Бүгінде архивтің 2 309 қорында 1,3 миллионнан астам сақтау бірлігі бар.
Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві 2006 жылы құрылған. Мекеме еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму тарихына қатысты құжаттарды жинақтау, сақтау және пайдаланумен айналысады. Мұнда мемлекеттік органдардың, зерттеушілердің және азаматтардың архив құжаттарымен танысуға болады. Қазір Ұлттық архивтің 311 қорында 405 589 сақтау бірлігі сақталған. Мекеме 278 мемлекеттік органмен және ұйыммен байланыс орнатып, олардың архив құжаттарын қабылдау және сақтау жұмысын жүргізеді.