Мемлекет басшысының Қаңтар оқиғаларын жан-жақты тергелуін талап етіп отырғаны бізге күш берді – Құспан

14 Наурыз 2022, 13:17
1397
Бөлісу:
Мемлекет басшысының Қаңтар оқиғаларын жан-жақты тергелуін талап етіп отырғаны бізге күш берді – Құспан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында адвокат Абзал Құспан айтты. 

 Бізге осындай мүмкіндікті тудырып, қолдағаны үшін – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына комиссия атынан және біз қорғаған жүздеген азаматтардың атынан алғыс білдіргім келеді. Мемлекет басшысының осы оқиғалар орын алған кездегі табанды шешімі, оқиға бойынша алғашқы кезеңнен бастап, елге ашық сұхбат беріп, қоғамды мазалаған сұрақтарға батыл жауап бергені, басынан бастап, тергеу органдарынан болған оқиғаны мейлінше ашық, обьективті, жан-жақты тергелуін талап етіп отырғаны бізге күш берді! Біз және бізден бөлек құрылған комиссиялар да осы мақсатта жұмыс жасады, ол жұмыстар әлі де жалғасын табады, - деді ол. 

Құспанның айтуынша, «Қаңтар оқиғасы» барысында қасіретті жағдайлардың орын алғаны, яғни ғимараттарды өртеген, қиратқан, тонаған тіпті адам шығыны болғаны бұлжымас факт. 

Комиссия мақсаты – сол қылмыстарға қатысы жоқ, тек қана бейбіт шеруге шықтық деп ойлап, арандап қалған немесе жасаған қылмыстық іс-әрекеттері, денсаулығы, әлеуметтік статусы, жағдайларға байланысты қоғамға қауіп төндірмейтін тұлғаларды анықтап, олардың бас шарасын өзгерту, кейіннен қылмыстық іс орбитасынан алып шығу болды, - деді адвокат. 

Нәтижесінде, комиссия жергілікті прокуратура органдарымен бірлесе отырып  250-ден астам адамды қамаудан босатуға қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз әрине жалғасын табатын болады. 

Дегенмен соңғы бірнеше апта көлемінде, комиссия өңірлерге шықпай-ақ, өз жұмысын орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдары арқылы, жүйелі түрде атқаруға көшкеніне назарларыңызды аударамын.  Осы атқарылған жұмыстар, Республика көлемінде сол «қаңтар оқиғалары» бойынша жалпы картинаны білуге және оған қатысты құқық қорғау органдары тарапынан атқарылған жұмыстар мен олардың қызметіндегі бірқатар кемшіліктер мен жетістіктері туралы алдын-ала қорытынды жасауға мүмкіндік береді,- деді Абзал Құспан. 

 

Өзгелердің жаңалығы