Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жиынға өңірдің ардагерлері, зиялы қауым, азаматтық қоғам және жастар өкілдері қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан президенті Жамбыл облысының экономикалық мүмкіндіктерін атап өтіп, түйіні тарқатылмаған бірқатар мәселеге назар аударды.
"Облыстағы орташа жалақы мөлшері – 112 мың теңге. Бұл – елдегі ең төмен көрсеткіштің бірі. 1 маусымнан бастап табысы төмен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өсті. Өңір кәсіпорындары бұл бастамадан шет қалмауы тиіс. Барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты қызметпен қамту екенін ескертемін. Жұмыс орындарын ашуда бизнестің рөлі жоғары. Сондықтан, жергілікті кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыру қажет", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіптің мүмкіндігін толық пайдаланып, индустрияландыру жобаларын іске асыруда заманауи технологиялық өндіріске баса мән беру керектігіне тоқталды.
"Өңдеу өнеркәсібіне, әсіресе, химия кластеріне ірі инвесторларды тарту қажет. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені нақтылауды тапсырамын. Бұл – экономиканың орнықты дамуына ықпал етеді, еңбек өнімділігін арттырады. Өңірдегі өндірістің даму көзі "Тараз" химиялық паркі" арнайы экономикалық аймағы болуы қажет", – деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігінің төмен екенін айтты.
"Жергілікті әкімдік агросектор саласының мамандарымен тығыз жұмыс істеуі қажет. Облыста қант қызылшасы, жеміс және көкөніс дақылдарының көлемін көбейтуге мүмкіндік бар. Үкімет келесі жылдан бастап шетелден әкелінетін шикі құрақ қантына импорттық баж салығын салу туралы шешім қабылдады. Осыған орай, облыс әкіміне қант қызылшасы мен жеміс-көкөніс дақылдарының егіс көлемін ұлғайтып, өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыруды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті өңірде туристерді қызықтыратын тарихи орындар баршылық екенін атап өтіп, туризмді дамыту қажеттігін айтты.
"Аймақтың туристік әлеуетін арттырып, инвестиция тарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл бағытта шетелдік озық тәжірибелерді ескерген жөн. Үкімет туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама дайындауда. Жамбыл облысы тарихи көрнекті орындарға өте бай. Өңірдегі Айша Бибі және Қарахан кесенелері, Жайсаң киелі жері, Көксай шатқалы және басқа да тарихи орындар – халқымыз үшін ортақ мәдени құндылықтар. Үкімет пен әкімдік бұл саланы бірлесе дамытуға күш салуы керек. Оған облыстың ресурстары жеткілікті", – деді Мемлекет басшысы.
Аймақтар арасындағы алшақтықты азайту қажеттігін айтқан Қазақстан президенті Жамбыл облысындағы шағын қалаларды дамыту туралы ойын ортаға салды.
"Моно және шағын қалалар – өз алдына бөлек мәселе. Жаңатас, Қаратау секілді шағын қалалардың әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын дамытамыз. Бұл шаралар, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін жасалып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық мәселесіне де тоқталды.
"Жемқорлықты түбегейлі жойғанша күресеміз. Әкімдерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Ел экономикасының дамуы және халықтың әл-ауқатының артуы осыған тікелей байланысты. Жемқорлықпен күрес – менің президент ретінде негізгі мақсаттарымның бірі. Бұл іске аймақ өкілдері белсене араласуы керек", – деді Қазақстан президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық, ауылдық елді мекендердегі жолдарды жақсартуды, білім беру нысандарын көптеп салуды, сол арқылы үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін реттеуді тапсырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жастарға әрқашан қолдау көрсетілетінін және білікті мамандардың шығармашылықта, қызметтік сатыда өсуі үшін кедергі болмауы керектігін айтты.
"Әкімдіктердің жанындағы Жастар кеңесі олардың қызмет бабында өсуіне қажетті баспалдақ болуы тиіс. Біз мемлекеттік қызметте ғана емес, білім мен ғылым, мәдениет пен спорт, бизнес және басқа да салаларда дарындардың дара шығуын қолдаймыз. "Жас кәсіпкер" бағдарламасы аясында жастардың бизнес бастамалары мен стартаптары қолдау табады", – деді Қазақстан президенті.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының жұмысын күшейту қажеттігін ескертіп, өңірдегі мал ұрлығы мен есірткі саудасына тосқауыл қою керектігін атап өтті.
"Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет. Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек. Сондықтан, әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Есірткі қылмысының ушығуы – бүкіл қоғамды алаңдатқан өзекті мәселенің бірі. Өкінішке қарай, қазіргі озық технология дамыған заманда "есірткі бизнесінің" дәурені жүріп тұр. Бұл, ең алдымен, жастардың санасын және денсаулығын улайтын кесел. Мұны тоқтату қажет!", – деді Мемлекет басшысы."
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу соңында дәрігер, мұғалім және кәсіпкерлерді Алғыс хаттармен марапаттады. Марапатталғандар: Мойынқұм аудандық аурухананың бас дәрігері Ж.Айтишев, "Кнауф-гипс Тараз" ЖШС директоры М.Бекназаров, Jasau Taraz жеке кәсіпкерлігі басшысы А.Бексұлтанова, облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі П.Озықбаева және «Агроспецстрой» ЖШС бас директоры М.Рахымбердиев.