Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мемлекет басшысы: Ұстаз – сапалы білімнің басты кепілі, ЖИ тек көмекші құрал

1 Қазан 2025, 12:22
554
Бөлісу:
 Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысында заманауи технологиялар білім саласына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алайда Мемлекет басшысы білім мен тәрбие беру ісінде шешуші рөл мұғалімнің қолында қала беретінін ескертті.

Президенттің сөзінше, жасанды интеллект қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын қысқартуға, әсіресе шағын жинақты мектептер үшін пайдалы болуға және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға кешенді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Біздің мақсатымыз – шынымен инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру. Бұл – Әділетті Қазақстан құрудың негізгі шарттарының бірі, – деді Тоқаев.

Сонымен бірге Президент жаңа технологияларды пайдалана отырып, ұлттық мәдениет пен құндылықтарды сақтаудың маңызына тоқталды.

Жаңа технологияны меңгерсек те, өзіміздің төл мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуымыз қажет. Білім жүйесіне халқымызға жат идеялар енбеуі тиіс. Жасанды интеллект ел мүддесіне қызмет етуі керек әрі руханиятқа, мәдени мұраға зиян тигізбеуі тиіс, – деді ол.

Мемлекет басшысы ЖИ-дің артықшылықтарына қарамастан, оның қателесіп, үстірт материал беруі мүмкін екенін ескертті.

ЖИ тек көмекші құрал бола алады. Бірақ білімнің сапасына, тәрбиелік құрамына жауап беретін машина емес, адам. Мұғалім – сапалы білімнің басты кепілі, – деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы