Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьер-министрі кеңсесінің министрі Мұхамед Малики бин Османмен кездесті, деп хабарлады BAQ.KZ.
Бұл туралы Ақорданың ресми сайты мәлімдейді.
Мемлекет басшысы Сингапурдың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысуы АӨСШК үдерісінің дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның АСЕАН-дағы маңызды серіктесі – достас Сингапурмен тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын жеткізді.
Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың артқаны атап өтілді.
Өз кезегінде Мұхамед Малики бин Осман Қасым-Жомарт Тоқаевқа Премьер-министр Ли Сянь Лунның ізгі тілегін жеткізді.
Сингапур делегациясының басшысы өз елінің Қазақстанмен өзара іс-әрекетті одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты.
Кездесу соңында Сингапур министрі Мемлекет басшысына Президент Халима Якобтың Сингапурға мемлекеттік сапармен келуге шақыруын тағы да растады.