Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында Республика алаңындағы қайта жөндеуден өткен «Алмалы» демалыс аумағын аралап көрді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Жаңартылған аумақ бірнеше бөлікке, атап айтқанда, балаларға және мәдени ойын-сауыққа арналған аймақтарға бөлінген.
Алаңға қазақ суретшілері салған мүсіндер қойылып, ауқымды көгалдандыру жұмысы жүргізілген. Ағаштар, бұталар мен гүлдер отырғызылған. Қаланың тарихы мен мәдениетін ескере отырып, қонақтар мен қала тұрғындары үшін демалатын орындар ұйымдастырылған, сондай-ақ, әртүрлі мәдени-ағарту шараларын өткізу қарастырылады.
Жер астындағы «Алмалы» сауда және ойын-сауық орталығын қайта жөндеу жұмыстары 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда.