Тоқаев Қырғызстанның Ош облысында болған қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Ош облысы Нооқат ауданында сел жүру салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қазақстан халқының және жеке өз атымнан қаза тапқан азаматтардың отбасы мен жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Қазақстан тату көршілік және өзара қолдау рухында табиғат апаты болған елді мекенге гуманитарлық көмек жіберді. Қажет болған жағдайда, бауырлас Қырғызстанға жәрдем беруге әзірміз, – деп жазылған жеделхатта.
Еске салсақ, маусымның соңында Қырғызстанда сел жүріп, бес адам қаза тапты. Қаза тапқандардың арасында Қазақстанның кәмелетке толмаған азаматтары бар екені белгілі болды. Бүгін Қырғызстанда қаза тапқан балалардың денелері арнайы бортпен Өскеменге жеткізілді.