Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтап, бұл мерекенің ел бірлігі мен өзара құрметті нығайтудағы маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Президент өз құттықтауында Алғыс айту дәстүрі халқымыздың рухани құндылықтарының темірқазығы екенін, оның қоғамдағы сенім мен ынтымақты арттыруға ықпал ететінін айтты.
Бұл – халқымыздың ең асыл құндылықтарын дәріптейтін ерекше мереке. Өзара құрмет көрсету, өзгеге жанашырлықпен қарап, шынайы тілеулес болу – ұлтымыздың бойына сіңген қасиеттер. Алғыс айту дәстүрі төл руханиятымыздың темірқазығы ретінде ел ішіндегі сенім мен бірлікті нығайтуға зор ықпал етіп келеді. Жақындарымызға алғыс айту – оларға рухани қолдау көрсету, қиын кезде қол ұшын созу деген сөз. Қазіргі құбылмалы заманда бұл қасиеттің мән-маңызы ерекше, - деді Президент.
Мемлекет басшысы қиын-қыстау кезеңдерде елді сақтап қалған ата-бабаларға тағзым етіп, ұстаздар, дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері, кәсіпкерлер, жұмысшылар, құқық қорғау органдары, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға және адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген барша азаматқа алғыс білдірді.
Сонымен қатар Президент жастар мен еріктілердің белсенді азаматтық ұстанымына ерекше ризашылығын жеткізді. Оның айтуынша, қоғам игілігі үшін еңбек етуге дайын азаматтардың еңбегі – жасампаз әрі жауапты отаншылдықтың айқын көрінісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тарихи бетбұрыс кезеңіне қадам басқанын атап өтті.
Еліміз ауқымды әрі тарихи бетбұрыс кезеңіне қадам басты. Республикалық референдумға шығарылған жаңа халықтық Конституцияның жобасы адам құқықтарын қорғау жүйесін жақсартуға, билік институттарының жауапкершілігін күшейтіп, тиімділігін арттыруға, қастерлі Тәуелсіздігіміз бен Егемендігімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Жаңа Ата Заң бәріміз бір ел болып іргесін қалап жатқан жарқын болашаққа жол ашады, - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы алдағы өзгерістердің табысты жүзеге асуы ел бірлігіне, парасаттылыққа және саналы азаматтық ұстанымға байланысты екенін жеткізді. Ол заң мен тәртіп, ынтымақ пен тілектестік қағидаларын басшылыққа ала отырып, Қуатты, Әділетті, Таза және Өркендеген Қазақстанды бірге құруға шақырды.
Сөз соңында Президент барша қазақстандықтарға амандық пен табыс тіледі.