Тоқаев Польша президентімен кездесті

25 Қыркүйек 2019, 00:11
1570
Бөлісу:
Тоқаев Польша президентімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Польша президенті Анджей Дудамен екіжақты келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады. 

Кездесу барысында мемлекеттер көшбасшылары екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары, соның ішінде, Еуропалық Одақ шеңберіндегі қарым-қатынас мәселесін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясының аясындағы жоғары деңгейдегі Қазақстан-Польша кездесулері игі дәстүрге айналғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Анджей Дуданың 2015 жылы қыркүйек айында Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен танысқанын, сондай-ақ, Польша көшбасшысының 2018 жылдың қаңтар айында Елбасымен бірге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тақырыптық брифингіне қатысқанын мысалға келтірді.

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан мен Варшава арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін атап өтіп, Қазақстан мен Польша арасындағы байланыстардың беки түскенін айтты.

"2018 жылы елдеріміздің арасындағы  екі жақты тауар айналымы 1,2 млрд долларды құрады. Қазақстанда Польшаның 100-ден астам компаниясы белсенді жұмыс істеуде. Біздің қарым-қатынастарымыздың дамуына Қазақстанның Польша азаматтары үшін визалық режимді алып тастауы, сондай-ақ, 2017 жылы Нұр-Сұлтан мен Варшава арасында тікелей әуе қатынасының іске қосылғаны елеулі үлес қосты", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Анджей Дудаға Қазақстанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын айтты. Дәл осындай құрылым Польша президентінің басшылығымен бұл мемлекетте де жұмыс істейді.



Өзгелердің жаңалығы