Мемлекет басшысы нақты проблемаларды көрсетіп берді – Бектенов

3 Қыркүйек 2024, 11:00
448
Бөлісу:
Мемлекет басшысы нақты проблемаларды көрсетіп берді – Бектенов
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Президенттің Жолдауын сапалы іске асыру – біздің басты міндетіміз. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл мақсатқа экономиканың құрылымын өзгерту арқылы қол жеткізе аламыз. Салалардағы мұндай өзгерістер қазірдің өзінде тау-кен секторының үлесін азайтып, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ біз жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға басымдық беретін боламыз. Бұл саланың әлеуеті үлкен. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктер барынша көңіл бөлуі тиіс проблемаларды нақты белгілеп берді. Барлық мемлекеттік органдар Президент айтқан тапсырмаларды жан-жақты пысықтап, қойылған міндеттерді шешудің нақты жолдарын айқындауы қажет, – деді Бектенов.

Еске салсақ, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Өз сөзінде Тоқаев көктемгі алапаттан қандай сабақ алуымыз керек екенін айтты. Сонымен қатар 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Сондай-ақ Тоқаев 6 қазанда АЭС бойынша референдум өтетінін мәлім етіп, тиісті жарлыққа қол қойды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Ұлттық жасанды интеллект орталығы қалай құрылатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы