Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кезінде бір ғана бөгеннің бұзылуы үлкен қайғылы оқиғаға әкеп соқтырғанын білесіздер. Мен жағдайды бақылауда ұстау үшін бірқатар аймақта болдым. Тұрғындармен арнайы кездестім. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар апат салдарын жоюға бар күшін жұмсап жатыр. Жағдайдың одан әрі ушығып кетпеуі – басты назарда,- деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол Құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Қарулы Күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы да белсене атсалысып жатқанын тілге тиек етті.
Менің тапсырмаммен мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алды. Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді. Бірқатар аймақтар инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосуда. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін, - деді Мемлекет басшысы.