Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерінің маңызды миссиясын атады

27 Маусым 2024, 12:19
169
Бөлісу:
Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерінің маңызды миссиясын атады
Фото: Ақорда

Тоқаев атап өткендей, азаматтарға экономиканың дамуы туралы жан-жақты және кеңінен ақпарат беру маңызды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президенттің сөзінше, БАҚ өкілдерінің тағы бір маңызды миссиясы – азаматтарға экономиканың дамуы туралы жан-жақты және кеңінен ақпарат беру. 

Бұл ретте ауыз толтырып айтатын дүние жеткілікті. Қазір әлемде инвестиция үшін бәсеке қатты жүріп жатыр. Ал онсыз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету қиын. Мемлекеттің осы бағыттағы жүйелі жұмысының арқасында кейінгі жылдары Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен елімізде экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған әрі қаржыландыру көлемі үлкен ондаған, тіпті жүздеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Алматы облысында 2026 жылы әлемге әйгілі Pepsico компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі зауыты ашылады. Биыл Шымкентте түркиялық серіктестермен бірлесіп, ірі жылыжай кешені құрылысының бірінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Қытайлық әріптестермен Абай облысында жылына 300 мың тонна мыс қорытатын зауыт салу туралы келісімге қол жеткізілді. Жобаның бастапқы құны – 1,5 миллиард доллар, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Атырау облысында полиэтилен шығаратын интеграцияланған газ-химия кешенін салу көзделіп отыр. Менің тапсырмаммен Үкімет еліміздің батыс аймақтарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін жедел шаралар топтамасын әзірлеп жатыр. Оның нәтижесі көп күттірмейді деп ойлаймын, - деді Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы