Мемлекет басшысы Ақтөбедегі индустриялды аймақтың жұмысымен танысты

22 Мамыр 2019, 13:20
2075
Бөлісу:
Мемлекет басшысы Ақтөбедегі индустриялды аймақтың жұмысымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе қаласының Индустриялды аймағының жұмысымен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады. 

Мемлекет басшысына керамогранит пен керамикалық плиткалар шығаратын «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС зауытының құрылысы жөнінде мәлімет берілді. Аталған инвестициялық жобаның жалпы құны 9,2 миллиард теңге.

Қазақстан Президентіне Индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, өнеркәсіптің жаңғыртылуы, шағын және орта бизнестің дамуы туралы баяндалды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстағы ірі өндіріс нысандары, соның ішінде мұнай өндіретін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының және жел электрі станциясының құрылысымен айналысатын «ARM WIND» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев компания басшыларына арналған сөзінде еңбеккерлердің жалақысын жыл сайын өсіру және сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердегі Қазақстанның үлесін арттыру қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамыту үшін ірі кәсіпорындардың айналасында белдеу құрудың маңыздылығын атап өтті.

Соңында Қазақстан Президенті облыс басшылығына өңірге инвестиция тарту бойынша кешенді шара қабылдауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы