Мемлекет анимациядағы креативті идеяларды қолдауға дайын – министр

24 Тамыз 2022, 12:42
1223
Бөлісу:
Мемлекет анимациядағы креативті идеяларды қолдауға дайын – министр

Бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие кино өнімін жасау, «Қазақфильм» киностудиясын жаңғырту және кинематография саласындағы заңнаманы жетілдіру. Осы және басқа да мәселелер бүгін мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың отандық кинорежиссерлермен кездесуі барысында талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Кездесуді Қазақстан кинематографистер одағының басқарма төрағасы Ермек Тұрсынов жүргізді.

Кездесудің басты сұрақтарының бірі - конкурстық іріктеуге қатысушыларға арналған қаржылық тұрақтылық талабы. Сала өкілдерінің айтуынша, бұл көптеген компаниялардың мемлекеттік қолдауға ие болуына кедергі келтіреді.

Бұл талапты Қаржы министрлігі берді. Қазіргі уақытта киноиндустрия өкілдерінің пайдасына мәселені қарастырып жатырмыз. Біздің тарапымыздан кино мен жалпы осы саланы дамыту үшін барлық күш - жігер жұмсалады, - деді Дәурен Абаев.

Биыл конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 62 киножоба мемлекеттің қаржыландыруына ие болды. Бұл ретте сараптамалық кеңестің құрамы 80% - ға жаңартылды. Конкурсты өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қорғаудың барлық процесі онлайн-трансляция арқылы жүргізілді.

Егер 2020 жылы мемлекет 39 жобаны қолдаса, биыл екі есе көп – 62 картина қаржыландырылды. Питчинг нәтижелеріне сай іріктеуден өткендердің көпшілігі – жас режиссерлер. Және олар кино әлеміне алғаш қадам жасағандар. Біз жас мамандардың жарқырап танылуларына мүмкіндік беруіміз керек, - деді министр.

Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар анимациялық фильмдер өндірісі туралы тақырыпты да қозғады. Атап айтқанда, киностудия өкілдері интернет-кеңістікте қазақ мультфильмдерінің жоғары танымалдығын атап өтті.

Мен осыған дейін де балаларға сапалы және көруге лайықты анимациялық фильмдер қажет екенін айтып келемін. Биылғы жылы «Қазақфильм» киностудиясының базасында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады. Жыл соңына дейін кемінде он пилоттық анимациялық жобаны ұсыну жоспарланып отыр. Мемлекет анимация саласындағы креативті идеялар мен жобаларды қолдауға дайын. Бұл жұмыс өз жемісін беретініне және бәсекеге қабілетті отандық өнім алатынымызға сенімдімін, - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, кино саласындағы қолданыстағы заңнаманы өзгерту мәселесі көтерілді. Дәурен Абаевтың айтуынша, мәдениет және спорт министрлігі кәсіби мамандар мен тәжірибелі сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, заңнамалық базаға түзетулер мен ұсыныстар енгізу бағытында жұмыс істеуге дайын.

Айта кету керек, іс-шараға 70-тен астам адам қатысты, олардың ішінде Досхан Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Рашид Нұғманов, Қанат Төребай және басқалары бар.

Өзгелердің жаңалығы