Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатор Ақылбек Күрішбаев дамыған батыс елдері мен Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің айырмашылығын айтты.
Осыдан бірнеше жыл бұрын аты әлемге белгілі Дейвистегі Калифорния университетіне іс-сапармен барғанбыз. Сол кезде жоспарланған бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтарын көру үшін көлікпен жүруге тура келді. Жолда бізді жол сақшысы (police) тоқтатты. Көлікті жүргізіп келе жатқан америкалық ғалым-әріптесім мәселенің мән-жайын білмекке, жол сақшысымен бірер минут сөйлесті. Біз абайсызда жылдамдықты асырып алыппыз. Менің: "бізге қанша айыппұл салды?» деген сауалыма жолсерігім: "ол бізге бас салып айыппұл салуға міндетті емес екенін айтты,- дейді Ақылбек Күрішбаев.
Өйткені, қасындағы жолсерігу біріншіден, «police» – мемлекеттік қызметкер екенін жеткізген. Оның міндеті – жол қауіпсіздігін қадағалау. Екіншіден, ең негізгісі, ол біздің еңбек етіп тапқан табысымыздан түскен салыққа күн көріп отыр. Police қызметкері бізге тек жылдамдықты асырмауды және бұл өзіміз бен өзгелердің өміріне қауіпті екенін ескертті деп түсіндірген.
Таң қалдым. Нағыз халыққа қызмет деген осы! Оларда бюджет қаражатын «халықтық ақша» деп атайды. Дамыған елдерде осындай көзқарас қалыптасқан.Ал бізде кейбір мемлекеттік қызметкерлер мен билік өкілдері қарапайым халықтың қолы жетпейтін, аспандағы адамдар тәрізді болып жүреді. Өкінішке қарай, біздің қоғамда осындай әдеттер қалыптасып қалған,- дейді сенатор.
Оның айтуынша, Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлер калифорниялық жол сақшысы тәрізді бола алады. Ол үшін билік өкілдері халықпен санасып, халықтың сөзіне құлақ түруі керек.
Нақтырақ айтсам, халық қоғам мүшелері ретінде басқару жүйесіне араласуы керек. «Қалай» дейсіз бе? Мысалы, атқарушы билік ереже қабылдап, заң жобасын дайындайды. Ол заң немесе қаулы бірден қабылдана салмайды. Бекітілген тәртіп бойынша ол қоғамның, яғни халықтың, талқысынан өтуі керек. Сол үшін заң жобасы жарияланады. Міне, сіздер осындай кезде өз белсенділіктеріңізді көрсетулеріңіз өте маңызды. Сонда барып шығарылатын заң, жаңа ереже, қаулы сүзгіден өтіп, халыққа қызмет етеді. Осындай қарапайым халықтың белсенділігі, талқылау мәдениеті қалыптасқан жағдайда ғана, біз қоғамның өзгеруіне және мемлекеттік тұрғыдан жаңаруға жете аламыз - дейді ол.