Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желілерде "Мемкіріс комитеті шетелдіктер тегін берген 16 тонналық оттегі сақтайтын ыдысты елге кіргізбей отыр" деген ақпарат тарады, деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі.
Мән жайды анықтау үшін Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) "Азот зауыты" ЖШС-ның Бас директоры Әлмұхаметов Ерболатпен хабарласты. Ол зауыттың гуманитарлық көмек ретінде ақысыз негізде пандемия кезеңіне ауруханаларға газ сақтайтын оттегімен қамтамасыз етуге арналған 2 цистернаны (сыйымдылықты) Нидерландтан екі аптаның ішінде уақытша әкелуді жоспарлап отырғандығын түсіндірді.
Қазіргі уақытта декларациялау үшін тауар бойынша мәліметтер мен құжаттар жоқ. Аталған мәселе бойынша Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне өтініш келіп түспеген.
Дегенмен, гуманитарлық ақысыз көмек ретінде тауарлар әкелінген жағдайда, мұндай жүктер кеден органына мына құжаттарды ұсынған кезде кедендік баждарды төлеуден босатылады:
- көліктік (тасымалдау) не коммерциялық құжаттар және (немесе) тауарды әкелу мақсаты көрсетілуі тиіс дипломатиялық немесе оларға теңестірілген өкілдіктердің растауы;
- тауарлардың ақысыз берілу фактісін растайтын тауарларды жөнелтушінің растауы;
- тауарды алушының тауарларды мақсатты пайдалануы туралы міндеттемесі.
Кедендік төлемдерді төлеуден босату үшін "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің 399-бабы және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" ҚР Кодексінің 80-бабы негіз болып табылады.
Аталған тауарларды коммерциялық мақсатта кері қайтару шарттарымен әкелген жағдайда, уақытша әкелу кедендік рәсімі қолданылуы мүмкін. Көрсетілген рәсім кезінде тиесілі кедендік төлемдер мен салықтар сомасынан 3% көлемінде төлемдер төленуге жатады, не болмаса төлемдерді төлеуден босату белгіленген тауарлардың (оның ішінде медициналық тауарлар) тізбесіне сәйкес болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеуден толық босатылады, - делінген таратылған ақпаратта.
Ілеспе құжаттар ұсынылғаннан кейін тауарларды кедендік тазарту бойынша нақты түсіндірмелер берілетін болады.