АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп ресейлік қызға Украинадан еліне оралып, отбасымен қайта қауышуға көмектесті. Бұл туралы Ресейдің тікелей инвестициялар қорының (РФПИ) бас директоры және Президенттің шетелмен инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Кирилл Дмитриев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Мелания Трамп өзінің ауқымды гуманитарлық қызметі аясында бір ресейлік қызға Украинадан оралып, отбасымен қайта қосылуға көмектесті, – деп жазды Дмитриев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін АҚШ-тың бірінші ханымы Ресей мен Америка Құрама Штаттарының бірлескен күш-жігерінің арқасында Украинадағы соғыс қимылдары кезінде отбасынан бөлініп қалған сегіз баланың ата-аналарымен қайта қауышқаны туралы хабарлаған еді.
Мелания Трамп соңғы уақытта гуманитарлық және қайырымдылық бағытындағы бастамаларға ерекше назар аударып келеді. Ол соғыс аймақтарында зардап шеккен балалардың құқықтарын қорғау мен олардың отбасыларына оралуына жәрдемдесуді өзінің басты миссияларының бірі ретінде атап өтеді.