Әлеуметтік желіде "Қазақстан мектептеріне қарулы шабуыл жасауға дайындық жүргізіліп жатыр" деген сипаттағы хабарламаларға қатысты Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығының Telegram-дағы арнасы әлеуметтік желіде "Қазақстан мектептеріне қарулы шабуыл жасауға дайындық жүргізіліп жатыр" деген сипаттағы хабарламаларды жариялап жүрген беймәлім тұлғалар атынан таратылатын анонимді каналдар тобының белсенділігі анықталып, тіркелгенін әрі оның шындыққа сәйкес келмейтіндігін хабарлайды.
Аталған жалған хабар тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, - деп жазылған орталық хабарламасында.
Осыған ұқсас мазмұндағы хабарламалар 2024 жылы Қазақстан аумағында да тіркеліп, мессенджер платформаларының әкімшілігі тарапынан шұғыл түрде жойылғаны да нақтыланады.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының сараптамалық бағалауына сәйкес, жалған террористік ақпарат таратушылар халық арасында қорқыныш пен үрей туғызуға, мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретуге, қоғам мен арнайы қызметтердің жалған қауіптерге қалай әрекет ететінін тексеруге тырысады. Бұл – кейінгі фейктер мен алып-қашпа әңгімелердің таралуына негіз қалыптастыру әрекеті, - деп жазды орталықтан.
Орталық ел азаматтарын сабыр сақтауға, тек ресми ақпаратқа сенуге және арандатуға ермеуге шақырады әрі егер осы тектес күмәнді хабарламалар немесе жазбалар алсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына немесе басқа да құзыретті мекемелерге хабарлау сұралады.