Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Үкіметке Батыс Қазақстан облысында бастауыш мектептердің жаппай жабылуына байланысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың атына жолданған үндеуінде шекара маңындағы ауылдардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, білім беру саласындағы кейбір нормативтерге өзгеріс енгізуді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, соңғы үш жылда Батыс Қазақстанда бала санының аздығына байланысты 12 бастауыш мектеп жабылған. Ал 2024 жылы тағы 4 мектеп (Жәнібек, Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарында) өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Бұл – тек бір өңірдегі жағдай. Ал жалпы ел көлемінде соңғы бес жылда 194 ауыл жойылып кеткені туралы дерек те депутаттың сөзін қуаттай түседі.
Аралбайұлы бұл жағдайды тек білім беру мәселесі деп қарамай, ұлттық қауіпсіздік және көші-қон тұрғысынан да бағалау қажет екенін айтты.
Адамы кеткен ауыл картадан өшеді. Ал бос жатқан шекаралық аймақ стратегиялық тұрғыдан қауіп төндіруі мүмкін, – дейді ол.
Депутат Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы №185 бұйрығына өзгеріс енгізіп, елді мекендердің орналасу ерекшеліктерін, әсіресе шекаралық ауылдардың жағдайын ескеруді ұсынды. Атап айтқанда, мектептердің жабылуына негіз болатын оқушы санына қойылатын талапты қайта қарауды сұрады. "Ерекше жағдай" деген ұғым енгізілсе немесе шекара маңындағы ауылдарға қатысты стандарттар жеңілдетілсе, бұл кем дегенде 13 мектепті сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Нартай Аралбайұлы өз сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл мектептері туралы айтқан сөздерін келтіріп, "мектебі бар ауылда – тіршілік бар" деген ұстанымға сүйену қажеттігін жеткізді.