Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мектептен қуылған мұғалім сот арқылы жұмысына оралып, 1,8 млн теңге өндіріп алды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
10 Қазан 2025, 18:08
407
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Тараз қалалық соты орта мектеп мұғалімін жұмыстан заңсыз босатылған деп танып, оны қызметіне қайта орналастыру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс материалдарына сәйкес, азаматша Ш. “жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын моральға қайшы қылық жасады” деген себеппен жұмыстан шығарылған. Алайда педагог бұл айыптауларды жоққа шығарып, оқушылардың ата-аналарымен болған жанжал тек оқу процесіне қатысты келіспеушіліктерден туғанын мәлімдеді.

2025 жылғы наурызда жүргізілген тексеру барысында мұғалім тарапынан педагогикалық әдеп нормаларын бұзу фактілері анықталмаған. Осыған байланысты ол жұмыстан шығару туралы бұйрыққа сот арқылы шағымданған.

Жауапкер тарап ата-аналардың шағымдарын алға тартып, талап қоюды мойындамаған. Дегенмен сот “Педагог мәртебесі туралы” заңға сәйкес, мұғалімнің әдепке қайшы әрекеті педагогикалық этика кеңесінде қарастырылмағанын анықтады. Сонымен қатар, жұмыстан босату туралы шешім әдеп кеңесінің қатысуынсыз және айыптауларды дәлелдейтін құжатсыз қабылданған, - делінген хабарламада.

Мектептің кәсіподақ комитеті де педагогтің тәртіп бұзғанына дәлел болмағанын айтып, еңбек шартын бұзуға қарсы болған.

Нәтижесінде сот мұғалімді бастауыш сынып мұғалімі лауазымына қайта қалпына келтіруге және оның пайдасына 1,8 млн теңге мөлшерінде мәжбүрлі жұмыста болмаған уақыты үшін жалақы, 50 мың теңге моральдық зиян және 300 мың теңге сот шығындарын өндіріп беруге шешім қабылдады.

Айта кетейік, сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы