Жақында мектеп оқушылары арасындағы төбелестен бір баланың қаза табуы қоғамды алаңдатты. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте журналистер бұл мәселеге байланысты “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы мен “Досбол like” жобасының тиімділігіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Қалмақов бұл сұрақтың аса өзекті екенін атап өтті.
Балалардың арасындағы осындай жағдайларға бәріміз қынжыламыз. Министрлік пен білім беру ұйымдары тиісті шаралар қабылдап жатыр. Ең алдымен, психологиялық қолдау жұмыстары күшейтілуде. Әр өңірде психологиялық қолдау орталықтары ашылып, мектеп психологтарының қызметі мен әдістемелік мүмкіндіктері кеңейтілді. Бұл орталықтардың негізгі міндеті – балалар арасындағы түсіністі, өзара сыйластықты нығайту, – деді ол.
Сонымен бірге, “Досбол like” бағдарламасы 2024 жылы пилоттық режимде 50 мектепте іске асырылып, алғашқы оң нәтижелерін көрсетті. 2025–2026 оқу жылдарынан бастап жоба барлық білім беру ұйымына таратылады.
Әрине, мұндай ауқымды мәселені бір айда немесе бір жылда шешу мүмкін емес. Бағдарламаның түпкі мақсаты – мектеп ұжымы, ата-ана, ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, мейірімділікті арттыру, – деп түсіндірді Қалмақов.
Айта кетейік, Таразда қала мектептерінің бірінде оқушылардың дәретханада төбелескені анықталған болатын. Соның салдарынан бір оқушы қайтыс болды.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың артуына байланысты жедел кеңес өткізіп, оның қорытындысы бойынша бірнеше лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады.