Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы №28 мектептің өртенуіне ұзартқыш сымның қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Сергей Огай мәлімдеді. Маманның айтуынша, қазіргі уақытта заттай айғақтар жиналып, оқиғаның мән-жайы тыңғылықты зерттелуде.
Алдан ала ақпарат бойынша физика кабинетіндегі ұзартқыш сым тұйықталып, соңы өртке ұласқан. Әзірге нақты болжам айтуға ерте. Біз оттың тұтануына себепкер болуы мүмкін заттарды жинап, сараптаймыз. Жалпы, аймақта болған өрттің тең жартысы электр сымдарының дұрыс пайдаланбау салдарынан туындайды. Төтенше жағдай себебін зерттеумен сынақ зертханасы айналысады, - дейді Сергей Огай.
Облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, балалар екі күн бойы қашықтықтан білім алады. Төтенше жағдайлар қызметі оң қорытынды жасаса, балалар оқуларын басқа жерде жалғастыруы мүмкін.
Биыл №28 мектепте өрт қауіпсіздігі бойынша жекеменшік компания аудит өткізген. Тексеріс нәтижесінде нысанның талапқа сай екені расталды. Бір ай бұрын Павлодар қаласы төтенше жағдайлар басқармасы алдын ала тексеріс өткзіді. Оның барысында бірқатар бұзушылық анықталды. Мәселен, эвакуациялық есіктер жабық болған. Есіктерді кілтсіз ашу үшін кедергілер болған. Олқылықтар бірден жойылды, - дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгерім Әбенова.
Айта кетейік, өткен жылы төтенше жағдайлар департаменті 383 білім беру нысанының 271-де тексеріс жүргізген. 112 мекемеде мемлекеттік аудит жүргізілген жоқ. Себебі, бұл ғимараттарда жекеменшік аудит өткізілді. Нәтижесінде бес нысанда бұзушылықтар тіркелді. Биыл 28 білім беру орнында мемлекеттік, ал 64 нысанда жекеменшік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде жеті олқылық тіркелген.
Еске сала кетсек, мектептегі өрт туралы хабарлама бүгін таңғы сағат 8.00-де түсті. 1200 шаршы метрлік шатыр отқа оранып, ғимараттан 500-ден астам оқушы сыртқа шығарылды.