Мектептегі өрт: Аймағамбетов түсініктеме берді

21 Сәуір 2022, 11:28
1489
Бөлісу:
Мектептегі өрт: Аймағамбетов түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Павлодарда №28 орта мектепте өрт шықты. Осы оқиғаға қатысты Білім министрі Асхат Аймағамбетов түсініктеме берді.

Асхат Аймағамбетов павлодарлық мектептерде мұндай жағдай бірінші рет емес екенін атап өтті.

Біз барлық білім беру ұйымына толық тексеру жүргізуге қатысты тапсырма бердік. Өйткені өрт қауіпсіздігі шаралары сақталуы керек. Мектеп пайдалануға берілген кезде, жөндеуден кейін және жаңа оқу жылы басталғанға дейін актілер болуы қажет. Соның ішінде өрт сөндіру бөлімінен де. Сондықтан мұндай анықтамалар мен актілер болды деп ойлаймын. Енді бұл өрттің шығуына не себеп болғанын анықтайтын тергеу жұмыстары жүргізіледі, - деді білім басшысы.

Министр өзінде бар ақпарат бойынша өрттен жапа шеккендер жоқ екенін айтты.

Тек осы жағдайға байланысты психологиялық тұрғыда жәбір көрген бір мұғалімнен басқа күйік шалғандар мен жарақат алғандар жоқ. Оған психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, - деді министр.

Білім және ғылым министрлігінің басшысы мектеп ғимараты тексерілетінін, оқу уақытша қашықтан форматына ауыстырылатынын атап өтті.

Қазір ғимарат толығымен тексеріледі. Тиісті органдар өрттің шығу себебін анықтайды. Егер одан әрі білім алуға қауіп жоқ екені анықталса, онда балалар оқуын жалғастыра алады. Тексеріс жұмыстары біткенше, оларды қашықтан оқытуға болады. Егер бұл ғимарат жарамсыз болып шықса, онда әкімдік оқушылардың басқа ұйымдарда оқуын жалғастыруы үшін тиісті шаралар қабылдайды, - деп түсіндірді министр.

Бұған дейін таратқан ақпараттарға сүйенсек, өрт кезінде ғимарат ішінде болған физика пәнінің мұғалімі уланып қалған. Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының хабаралуынша, оның жағдайы тұрақты. Қазіргі уақытта азаматша бірінші қалалық аурухананың терапия бөліміне жатқызылды. 

Айта кетейік, білім беру ошағы «Заманауи мектеп» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткізілген.

Еске сала кетсек, бірнеше күн бұрын облыс орталығында №1 мектеп өртенді. Ғимараттың үшінші қабатындағы кітап қоймасы жанып, салдарынан үш жоғары сынып оқушысы ауруханаға жатқызылды. Бұл білім ошағы да мемлекеттік бағдарлама бойынша толық жөнделген. Қазіргі уақытта оқу үрдісі реттелді. Жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

Өзгелердің жаңалығы