Мектепте дене шынықтырудан кім көрінген сабақ береді – депутат

25 Желтоқсан 2023, 16:22
5070
Бөлісу:
Мектепте дене шынықтырудан кім көрінген сабақ береді – депутат
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында депутат Жанарбек Әшімжан бұқаралық спорт жүйесін түбегейлі өзгерту керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы спорт саласы кәсіби болсын, бұқаралық болсын қоғамда үлкен сынға ұшыраған салалардың бірі. Бұл саладағы басты себеп-салдар – жемқорлық. Бүгінгі жиынға Антикор өкілі қатысып отырса, менің бірнеше сұрағым бар. Биыл осы салада сыбайлас жемқорлыққа қатысты нақты деректерді келтірсеңіздер. Өңірлерде бұқаралық спорт қағаз жүзінде қалды. Мемлекеттен бөлініп жатқан қаржы ақшаны ұрлаған бухгалтерлер көлігінің багажында жүр. Өңірлерде бұқаралық спортқа тартылып жатқандар өте аз, қалалық жерде сезіледі. Ауылды аймақтарда бақылау да жоқ, ақшаның пайдалану тиімділігі де төмен. Мектептерде дене шынықтырудан кім көрінген сабақ береді. Кадрлық мәселе дұрыс емес, - деді Әшімжан.

Депутат атап өткендей, дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертіп, жаңадан қалыптастыру керек.

Бұқаралық спортқа дұрыс қолдау мен көзқарас болса, кәсіби спорт та жақсы деңгейде дамиды. Біз бұған дейін мемлекеттің барлық қаржысын, “Самұрық-Қазына” қаржысын, демеушілердің ақшасын кәсіби спортқа құйдық. Осы 20-25 жылдай соның күш-жігерімен келдік. Бұқаралық спорт далада қалды. Соңғы өткен Олимпиада соның әсері, кәсіби спорттың көрсеткіші сол болды. Бұқаралық спортқа қатысты жүйені түбегейлі өзгерту керек деп ойлаймыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы