Мектепте балта ала жүгірген баланы тоқтатқан оқушылар марапатталды

2 Наурыз 2023, 18:06
1161
Бөлісу:
Мектепте балта ала жүгірген баланы тоқтатқан оқушылар марапатталды
Фото: автордан

Петропавлдағы 4-ші мектепке балта апарып, балаларға шабуыл жасаған жасөспірімді тоқтатқан екі оқушы марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ-тің Солтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі.

Елді елең еткізген оқиғаны естеріңізге сала кетсек. 13-ші ақпан күні сөмкесіне оқулықтың орнына балта мен пышақ салып апарған оқушы мектепте ылаң қылған еді. Бетперде киіп,  3 жасөспірімді жарақаттады. Ауыр жарақат алған екеуі жансақтау бөлімінде жатып шықты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше қазір жапа шегушілердің жағдайы жақсы, ауруханадан үйіне жіберілді. Сот шешімімен күдікті қамауға алынды. Қазір уақытша тергеу изоляторында. 

«Әдеттегідей таңертең мектепке келдім. Сөмкемді сыныпта қалдырып, дәлізге шықтым. Балармен әңгімелесіп тұрған едік. Жанымнан маска киген баланың жүгіріп өткенін байқадым. Қолында балтасы бар. Қарама-қарсы бетте келе жатқан қызды ұра бастады. Ол жылап жерге отыра кетті. Бірден сол жаққа қарай жүгіріп бардым. Шабуыл жасап жүрген баланы ұстап алдым. Оған дейін тағы 2 адамды ұрып үлгерді. Алдияр көмекке дер кезінде келді. Қолындағы балта мен пышақты жұлып алды. Артынша айғай-шуды естіген мұғалімдер де жүгіріп келді», - дейді Нұрислам Сандыбай.

9-шы сынып оқушысы Нұрислам Сандыбай мен 10-шы сынып оқушысы Алдияр Нұртаев балта ұстаған баланы дер кезінде тоқтатпағанда не боларын елестету қиын. Ержүрек жасөспірімдерге алғыс хат табысталды.

Мектептегі тәртіпті тиісті деңгейде қадағаламаған директордың орынбасарына қатысты қатаң сөгіс жарияланды. Психолог пен сынып жетекшісінің міндетін атқарушы мұғалім де де сөгіс алды. Оқыс оқиға болған күні білім ошағының басшысы денсаулығына байланысты жұмысқа шықпаған. Жазадан оңай құтылды. Ғафура Бөстекова 4-ші мектепті 25 жылдан бері үзбей басқарып келеді. 

Өзгелердің жаңалығы