"Менің Атамекенім" порталында "Мектепке жол" платформасы іске қосылды

24 Шілде 2019, 20:08
5309
Бөлісу:
"Менің Атамекенім" порталында "Мектепке жол" платформасы іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын "Мектепке жол" қайырымдылық акциясын өткізу жыл сайынғы игі дәстүрге айналған. Енді материалдық көмек көрсету үрдісі аталған акцияны өткізу кезеңімен шектелмей, жыл көлемінде жалғасатын болады. 

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылы алғаш рет аталған акция аясында "Менің Атамекенім" порталында "Мектепке жол" платформасы іске қосылды. Көзделген басты мақсат - көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында байланыс орнату және көмекке зәру адамдардың әлеуметтік қажеттіліктерін жауапсыз қалдырмау.

Осы орайда 24 шілде күні ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың және "Атамекен" ҰКП төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың қатысуымен "Менің Атамекенім" порталындағы "Мектепке жол" платформасы ресми іске қосылды. 

"Менің Атамекенім" порталындағы "Мектепке жол" платформасы - халықтың әлеуметтік мәселелеріне жылдам жауап беруге, сондай-ақ, қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін ыңғайлы және ашық жүйе. Айта кеткен жөн, "Мектепке жол" акциясы аясында көмек көрсетуге ниет білдірген азаматтар білім беру органдары мен ұйымдары арқылы да көмек көрсете алады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бизнесмендер мен ректорларды "Мектепке жол" акциясына белсенді түрде қатысуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы