Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бір ай бұрын басталды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Шара 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Қарағанды облысының білім басқармасы мемлекеттік органдарды, кәсіпорындарды, ұйымдарды, жеке кәсіпкерлерді және жанашыр қарапайым халықты балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмектесуге шақырады.
Білім басқармасының айтуынша, балаларды киім-кешекпен, мектеп керек-жарақтарымен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету қажет.
«Биыл «Мектепке жол» акциясы «Жүректен жүрекке!» ұранымен өтеді. Оның мақсаты – аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыларға көмек және қолдау көрсету. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен болуы себептермен мектепке бара алмайтын балалардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару», - деп түсіндірді Қарағанды қаласы білім бөлімінің бас маманы Ақыл Есенбеков.
Барлық сұрақ бойынша келесі телефондар арқылы хабарласуға болады: 8 (7212) 343413, 343428, 507881.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы Қазақстанда 2008 жылдан бастап Елбасының бастамасымен өткізіліп келеді. 2018 жылы акция «Мен балаларға көмектесуді таңдаймын!» деген ұранмен өтті. Сол кезде Қарағанды облысында 25 000-нан астам оқушыға көмек көрсетілді.