Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Мектепке жол" акциясы: елордада 8,5 мыңнан астам балаға көмек көрсетіледі

21 Тамыз 2025, 22:50
656
Бөлісу:
 Астана қаласы әкімдігі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

 Астанада 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында дәстүрлі республикалық "Мектепке жол" акциясы өтуде. Оның аясында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға демеушілердің қаражаты есебінен көмек көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Биыл акция аясында елорданың 8 500-ден астам оқушысы мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарларымен қамтамасыз етіледі.

Шараның басты мақсаты — жаңа оқу жылы қарсаңында отбасыларға қолдау көрсету және әлеуметтік себептерге байланысты балалардың сабақтан қалуына жол бермеу.

Көмекке мұқтаж ата-аналар растайтын құжаттарымен мектепке жүгінуі тиіс. Әлеуметтік педагогтар тізімді бірінші сыныпқа қабылданғандар мен жаңадан келген оқушыларды ескере отырып жасайды.

Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторларымен бірлескен рейдтер ұйымдастырылып, білім алуға тартылмаған немесе түнде ересектердің қарауынсыз жүрген балалар анықталып жатыр.

Азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін "сенім телефоны" мен "жедел желі" (556920), сондай-ақ мектеп жанындағы қоғамдық қабылдаулар жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы