Қарулы күштерде жаңа оқу жылы қарсаңында "Мектепке жол" акциясы өтті. Шара барысында 1749 әскери қызметшінің баласы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аягөз қаласындағы №4 орта мектепте бастау алған игі бастамаға барлық гарнизондар қосылды. Қолдау көп балалы отбасылардың балаларына, ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскерилердің балаларына және жалғызбасты аналардың балаларына көрсетілді. Әсіресе бірінші сынып оқушыларына рюкзактар, кеңсе тауарлары мен оқу құралдары берілді.
Бұл акцияға демеушілер де белсене атсалысты. Банк өкілдері, кәсіпкерлер, партия қайраткерлері мен әскери зейнеткерлер көмек көрсетті. Әрбір отбасының қажеттілігі ескерілді, – деді ҚР Қарулы күштері әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Тәттігүл Смағұлова.
Сонымен қатар, әскери бөлімдер балаларға арнап экскурсиялар, мұражай, кинотеатр және спорттық іс-шараларға баруды ұйымдастырды. Мәселен, елордада 300-ден астам бала қуыршақ театры мен циркте тегін болды.
Бұл бастама әскери отбасыларын қолдауға, жеке құрамның моральдық жағдайын нығайтуға және әскерилердің балаларын жаңа оқу жылына дайындауға бағытталған.