Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бүгінге әлеуметтік желілерде қызметін ұсынатын психологтардың нақты саны жоқ екенін айтты. Депутаттың сөзінше, елімізде білікті дипломы бар психологтар тапшы деп айтуға келмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сала реттелмегендіктен, нақты статистика жоқ. Instagram-да өзін психолог деп атайтындар, осы қызметтерді көрсететіндер, өз кеңсесінде клиенттерді қабылдайтындардың саны ресми түрде есепке алынбайды. Бүгінде нақты деректер жоқ. Министрліктің мәліметінше, жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша психологтарды даярлау жүргізіледі, гранттар бөлінеді. Сонымен қатар, конкурс өте жоғары баллмен өтеді, яғни осы мамандыққа көп студент қабылданады. Қосымша, ақылы қабылдау бойынша да көптеген түлектер оқуға түседі, – дейді депутат.
Оның сөзінше, Қазақстан нарығында білікті дипломы бар психологтардың тапшылығы бар деп айтуға болмайды.
Бірақ мектептерде, медициналық мекемелерде, басқа да салаларда психологтар жеткіліксіз. Себебі, жеке сектордан басқа, дипломы бар мамандар болса да, әлеуметтік пакет пен жалақының төмендігіне байланысты мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуге қызықпайды, - деп айтты депутат.
Аймағамбетовтің сөзінше, мысалы, емханаға немесе поликлиникаға барған жағдайда олар дәрігер мәртебесіне ие болмайды, сондықтан жалақысы басқа мамандармен салыстырғанда өте төмен, әлеуметтік пакеті де шектеулі. Сол сияқты мектептегі педагог-психологтардың жалақысы нарықтағы мамандармен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз.
Сондықтан кейбір салаларда психологтардың жетіспеушілігі олардың аз дайындалуынан емес, жұмыс шарттары мен әлеуметтік кепілдіктердің жеткіліксіздігінен туындап отыр, – деп атап өтті депутат Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.
Еске салайық, бұған дейін депутат Жанарбек Әшімжан өздерін ақылгөй деп санап, отбасы құндылығын дәріптейтін коучтар көбейіп кеткенін айтты.
Тағы оқи отырыңыздар:
"Уайымға түсіріп, отбасынан ажырасуға дейін жеткізеді": Депутат психологтардың жұмысын сынға алды.
Қазақстанда жыл сайын 4 мыңға жуық психолог даярланады.
Қазақстанда барлық психолог тіркеуге алынатын болды.