Мектеп психологтары баламен қалай жұмыс істейді

7 Қараша 2024, 09:18
335
Бөлісу:
Мектеп психологтары баламен қалай жұмыс істейді
Фото: BAQ.KZ - архив

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан еліміздегі педагог-психологтардың балалармен жұмысы жайлы айтып, бала тәрбиесіндегі маңызды қадамдарды атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Балалардың арасындағы суицид мәселесі – қоғамды алаңдатып отырған сұрақтардың бірі. Елімізде балалар арасында психологиялық ахуалды оңалту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Былтыр тамыз айында Үкіметте зорлық-зомбылықтың, суицидтің алдын алу туралы кешенді жоспар қабылданған. Құжатта бірнеше мемлекеттік органның осы бағыттағы жұмысы нақты көрсетілген. Сол бағыттардың бірі – психологиялық қызметтерді құру.

Биылғы оқу жылының басында еліміздің 20 өңірінде психологиялық орталықтар құрылды. Бұл орталықтар мектептердегі психологиялық қызметті, яғни педагог-психологтың жұмысын үйлестіреді. Бұрын мұндай орган болған жоқ. Бұл жағдайды оңалту үшін алғаш рет құрылып отыр, - деп айтты Еділ Оспан.

Суицидтің көрсеткіші соңғы 10-12 жылды алып қарасақ, түсіп келе жатыр. Бұл қолға алынып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Былтырғы 9 аймен салыстырғанда да биыл 7%-ға жуық төмендеді.

Сондай-ақ вице-министр мектептердегі психологиялық қызметке тоқталды.

Педагог-психологтардың біліктілігін арттыру, олардың санын көбейту қолға алынды. 500 балаға бір педагог-психолог енгізу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір елімізде 8 500-ге жуық мектеп психологы бар. Министрлік қазір педагог-психологтардың санын оның жүктемесін азайту үшін көбейтіп жатыр. 

Мектеп психологтарының балалармен жұмыс жүргізудегі нақты алгоритмі бар. Мысалы, балалар арасында әртүрлі сауалнамалар жүргізу арқылы балалардың бойындағы өзгерістерді байқайды. Егер баланың бойынан мінез-құлқының өзгеруі, кешігіп келу, сабақтан қалу, ұқыпсыз киінуі, сабақ үлгерімінің төмендеуі байқалса, онда бірден мектепішілік есепке қойылады. Мектепішілік есепке алынған баламен психолог, әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі жұмыс істей бастайды. 

Оның айтуынша, педагог-психологтың жұмысы бірнеше қадамнан тұратын күрделі алгоритм.

Ол суицид мәселесінде неге назар аудару керегіне тоқталды.

Мамандардың, сарапшылардың айтуы бойынша, суицид құбылысы - БАҚ-та белгілі бір талаптарды сақтай отырып қана жазылатын дүние. “Вертер әсері” деген түсінік бар. Өзім медиа саласының маманы емеспін. Алайда ЮНЕСКО-ның арнайы ұсыныстары бар. Онда нақты көрсетілген. Бұл туралы Ақпарат министрлігі де жиі айтып жатады. Яғни балаларды өмірмен қош айтысу туралы ақпаратты тарату, оны романтикаға айналдыру, ерлік ретінде көрсету немесе нақты әрекеттердің тізімін көрсету - бұл балалардың психологиялық денсаулығына тек қана кері әсер ететін ақпарат деп санаймын, - деп түсіндірді Еділ Оспан.

Оқу-ағарту министрлігі өкілі атап өткендей, мектептерде балаларға суицид тақырыбына сабақтар өткізілмейді. Сөзінше, этикалық талаптарға сәйкес мамандар ондай сабақтар өткізуге қарсы. Бірақ ата-аналармен және педагогтермен жұмыс кезінде бұл тақырып қозғалады. Ата-аналарға балаларды бақылауға алуға кеңес беріліп, бақылау тәсілдері үйретіледі. 

Ал мұғалімдерге мұқият болуға, балалардың көңіл-күйіне бақылау жасау бағытында жұмыстар жүргізіледі. Қыркүйек айында ата-аналар чатына балалардың арасында болатын түрлі қауіп-қатерлерден сақтандыру бойынша арнайы жадынамаларды тараттық. Ол барлық БАҚ-та жарияланды. Бұл тақырыпты ата-аналар жиналысында да кеңінен талқыладық. Бізде ата-аналарды қолдау орталықтары да жұмыс істейді. Онда ата-аналарға бала тәрбиесіне педагогикалық көмек көрсетіледі, - деп айтты Еділ Оспан.

Вице-министрдің сөзінше, соңғы жылдары ата-аналардың бала тәрбиесі процесіндегі белсенділігі артып келе жатыр. Бұрын ата-аналардың мектептегі тәрбие процесіне араласу деңгейі 42% болса, ал соңғы сауалнамалар 60-62% деңгейіне жетіп, оң өзгерістерді көрсетіп отыр.

Ата-аналардың, жалпы отбасының бала тәрбиесіндегі рөлі әрқашан бірінші орында. Бала үшін ең маңызды тұлға – ол ата-ана. Сол себепті ата-аналармен жұмысты дамытып, отбасы институтын күшейтіп, жұмысты осы бағытта жалғастыра береміз, - дейді Оқу-ағарту вице-министрі.

Еділ Оспан сөзін қорытындылай келе, ата-аналарға кеңес айтты.

Министрлік ата-аналарға балаларына көбірек көңіл, уақыт бөлуге кеңес береді. Сонымен бірге бақылауды күшейтуді ұсынады. Бақылау дегенді тираниялық бақылау деп түсінбеу маңызды. Баланың интернеттегі, көшедегі іс-әрекетіне бақылау жасап, тәрбие мақсатында баламен әңгімелесу, - деп сөзін толықтырды ол.

Өзгелердің жаңалығы