Мектеп партасынан аурухана төсегіне дейін: Астанада адам өмірін сақтайтын жабдық шығарылады

22 Қазан 2026, 16:06
АВТОР
 Артём Чурсинов  ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов 22 Қазан 2026, 16:06
22 Қазан 2026, 16:06
115
Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Астанадағы № 1 индустриялық парк аумағында орналасқан YDA Industrial Park кәсіпорны медициналық жабдықтардан бастап металл конструкциялары, жиһаз және қазандықтарға дейінгі түрлі өнім шығарады. Зауытта 300-ден астам қазақстандық жұмыс істейді. Кәсіпорын өнімдері Қазақстанның өзге өңірлеріне және шетелге жеткізіледі. Қазір мұнда өндірістік қуатты кеңейтуге бағытталған жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр.

BAQ.KZ тілшілері зауыттың өндірістік цехтарын аралап, медициналық жабдықтардың, қазандықтардың, металл конструкцияларының және жиһаздың қалай жасалатынымен танысты.

Жеті бағыт бойынша өндіріс жолға қойылған

YDA Industrial Park – Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан халықаралық YDA Group компаниялар тобының құрамына кіреді. Холдинг осы уақыт ішінде жалпы құны 2,5 млрд АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырды және оларды іске асыруды жалғастырып келеді. Компания құрылыс, инфрақұрылым, авиация, денсаулық сақтау, өнеркәсіптік өндіріс және ақпараттық технологиялар салаларында жұмыс істейді.

Бүгінде YDA Group жобалары үш құрлықтағы 14 елде жүзеге асырылып жатыр. Компания қызметкерлерінің жалпы саны 24 мыңнан асады.

YDA Industrial Park 2022 жылы пайдалануға берілді. Өндірістік кешеннің жалпы аумағы 120 мың шаршы метрді құрайды. Оның 40 мың шаршы метрі жабық өндірістік ғимараттарға тиесілі. Жобаға салынған инвестиция көлемі шамамен 51 млн АҚШ долларына жеткен.

Кәсіпорынның өндірістік директоры Тимур Данияровтың айтуынша, зауыт алғашында бес өндіріс орнын іске қосып, 20 мың шаршы метр өндірістік алаңды игерген. Қазір игерілген аумақ 13 гектарға, ал өндірістік алаң 39 мың шаршы метрге жеткен.

Кәсіпорында қазақстандық 302 жұмысшы және 19 шетелдік маман еңбек етеді. Зауытта жеті бағыт бойынша өнім шығарылады. Олар – металл конструкциялары, құрастырмалы ғимараттар мен құрылыстар, қазандықтар мен қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар, пластик және алюминий терезелер мен витраждар, медициналық газ жабдықтары, медициналық кереуеттер, сондай-ақ кеңсе және корпус жиһаздары.

Біз мектеп партасынан бастап қуаты 30 мегаватт болатын қазандықтарға дейін өндіреміз. Кәсіпорын көпфункциялы болғандықтан, мұнда әртүрлі өнім шығарылады. Өндірісіміздің ауқымы кең, – деді Тимур Данияров.

Медициналық газ жабдықтары: күніне 30-50 бұйым

Зауыттағы ерекше өндіріс бағыттарының бірі – медициналық газбен жабдықтау жүйелері. Мұндай бұйымдар ауруханаларда, емханаларда, операциялық бөлмелерде және қарқынды терапия бөлімшелерінде қолданылады.

Медициналық газ жабдықтарын өндіретін цех маманы Ұлықбек Шаяхметовтің айтуынша, Қазақстанда мұндай өнімдерді осы кәсіпорыннан басқа шығаратын өндіруші жоқ.

Цехта Тайваньнан әкелінген CNC станоктары қолданылады. Мамандар оларды өндірістің негізгі жабдықтары деп атайды. Станоктар тәулік бойы, аптасына жеті күн тоқтаусыз жұмыс істейді. Олардың жұмысын инженерлер мен инженер-технологтар бақылайды.

Өндіріс толығымен автоматтандырылған. Алдымен бұйымның жобасы компьютерде әзірленеді, содан кейін қажетті мәліметтер станоктарға автоматты түрде беріледі. 

Мамандардың айтуынша, өндірістік процестердің автоматтандырылуы қызметкерлерге түсетін физикалық жүктемені азайтады. Негізгі операцияларды заманауи станоктар орындайды, ал мамандар жабдықтардың жұмысын бақылап, өндіріс процесін басқарады. Сондықтан бұл бағытта ауыр қол еңбегі басым емес.

Бұл станоктарды цехымыздың жүрегі деуге болады. Медициналық газ жабдықтарының негізгі бөлігін осы жерде шығарамыз. Өнімдеріміз ауруханаларда, емханаларда және операциялық бөлмелерде қолданылады. Күніне шамамен 30-50 дана бұйым өндіреміз. Олардың көлемі мен күрделілігі әртүрлі, – деді Ұлықбек Шаяхметов.

Оның айтуынша, кәсіпорын өнімдеріне шетелден де сұраныс бар. Тапсырыстардың басым бөлігі Түркиядан түседі. Сонымен қатар медициналық газ жабдықтары Таяу Шығыс елдеріне экспортталып, Қазақстандағы жобаларда да қолданылады.

Солардың бірі – Түркістандағы көпбейінді аурухана. Кәсіпорын осы нысанға қажетті медициналық газ жабдықтарын өндіруде.

Адам факторынан болатын қателіктердің алдын алатын медициналық консоль

Баспасөз туры барысында журналистерге қабырғаға орнатылатын алты газды медициналық консоль де көрсетілді. Бұл құрылғы халықаралық және еуропалық стандарттарға сәйкес келеді.

Консоль стационарлар мен қарқынды терапия бөлімшелерінде қолданылады. Оның конструкциясы медициналық газ жүйелерін қате жалғау қаупін азайтуға бағытталған. Мысалы, вакуум жүйесін оттегі жүйесіне қосу мүмкін емес. Осылайша, құрылғы адам факторынан туындайтын қателіктердің алдын алуға көмектеседі.

Өндіріс өкілінің айтуынша, мұндай жабдықтарды әзірлеуге COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі қажеттілік те ықпал еткен. 2020 жылдары кәсіпорын осындай медициналық консольдерді әзірлеп, өндіре бастаған. Содан бері өнімге сұраныс артып, Қазақстаннан және шетелден тапсырыстар түсіп келеді.

Кәсіпорын медициналық жиһаздар мен жабдықтарды да шығарады. Мысалы, медициналық кереуеттер электр қозғалтқыштарымен, науқастың салмағын өлшейтін датчиктермен және ойылудың алдын алуға арналған арнайы матрастармен жабдықталған.

Тимур Данияровтың айтуынша, медициналық кереуеттердің бағасы олардың жабдықталуына және техникалық ерекшеліктеріне байланысты. Кәсіпорын өнімдері сәулет-құрылыс каталогына енгізілген, онда тауарлардың бағасы мен кодтары көрсетілген.

Қазандықтар мен қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар

Зауыттың тағы бір маңызды бағыты – қазандықтар мен қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар өндіру. Бұл цехта орталық жылыту жүйелеріне арналған қуаты 30 мегаваттқа дейінгі қазандықтар, сондай-ақ мұнай-газ-химия кешендеріне қажетті жабдықтар жасалады.

Цех дәнекерлеуге арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кәсіпорын ASME сертификатын алған. Бұл сертификат қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды өндіру және тиісті жабдықтарды жөндеу кезінде америкалық стандарттарды талап ететін халықаралық компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, кәсіпорын ТШО, NCOC және КПО сияқты ірі компаниялармен жұмыс істеуге қажетті талаптарға сай өндірісті дамытуда. Бұл Қазақстанның мұнай-газ-химия кешені үшін маңызды.

Зауыт қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды ғана емес, оларға қажетті құрамдас бөлшектерді де шығарады. Олардың қатарында диаметрі бес метрге дейінгі ыдыс түптері бар.

Кәсіпорын өкілінің айтуынша, халықаралық стандарттарға сай өндірісті дамыту компанияның ірі жобаларға қатысуына және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Отандық қамту үлесі 60 пайыздан асады

Кәсіпорынның өндірістік директоры Тимур Данияров өнімдегі жергілікті қамту үлесіне де тоқталды. Оның айтуынша, зауыт өнімдеріндегі қазақстандық қамту үлесі 60 пайыздан асады.

Біз әзірге автоматика жүйелерін, электр қозғалтқыштарын, жанарғылар мен сорғы жабдықтарын өзіміз өндірмейміз. Бірақ Қазақстанда металл мен ағаштан жасауға болатын өнімдердің барлығын дерлік осында шығарамыз. Бүгін өндіріс цехтарын аралаған кезде соған көз жеткізуге болады, – деді ол.

Өндіріс директорының пікірінше, мемлекеттік сатып алу кезінде өнімдегі отандық қамту үлесін нақты ескерудің маңызы зор. Оның айтуынша, дайын өнімді шетелден әкеліп, тек құрастыру арқылы отандық тауар ретінде ұсыну мен өнімді Қазақстанда толыққанды өндірудің аражігін ажырату қажет.

Мысалы, бір кәсіпорын өнімнің өзіндік құнындағы отандық үлесті 64 пайызға жеткізсе, екіншісі небәрі 5 пайызын ғана Қазақстанда қалыптастыруы мүмкін. Соған қарамастан, екі кәсіпорын да отандық тауар өндіруші ретінде тіркелуі ықтимал.

Тимур Данияровтың айтуынша, бұл мәселе Қазақстанның машина жасау саласы мен отандық тауар өндірушілер арасында жиі талқыланады. Алдағы уақытта заңнамаға жергілікті қамту үлесін нақты ажыратуға және мемлекеттік сатып алу конкурстарында осы көрсеткішті ашық көрсетуге бағытталған түзетулер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Егер өнім мемлекеттік сатып алудың техникалық талаптарына толық сәйкес жасалса, қытайлық компаниялар міндетті түрде арзан болады деуге негіз жоқ. Баға төмен болуының себебін де тексеру керек. Материалдың сапасы, бояу талаптары, жабдықтардың жиынтығы мен дәлдігі толық сақталуға тиіс. Егер баға осы талаптарды орындамай төмендетілсе, онда өнімнің сапасы мен материалдарына қатысты сұрақ туындайды, – деді ол.

Зауыттың айналасында жаңа өндірістік байланыстар қалыптасып келеді

Кәсіпорынның жұмысы айналасындағы отандық жеткізушілердің дамуына да ықпал етіп отыр. Зауыт бояу, бекітпе бұйымдары, көлік қызметі, тамақтандыру және арнайы киім жеткізушілерімен жұмыс істейді.

Тимур Данияровтың мәліметінше, кәсіпорында инженерлік-техникалық персоналды қоса алғанда, шамамен 350 адам еңбек етеді. Ал зауытқа қызмет көрсететін қазақстандық мердігерлер мен қосалқы мердігерлердің саны шамамен мың адамға жетеді.

Яғни өндіріс маңында қосымша жұмыс орындары қалыптасып, жергілікті компанияларға да тапсырыс беріліп отыр.

Сонымен қатар кәсіпорын болашақта өз өнімдеріне қажетті материалдарды жергілікті өндірушілерден сатып алу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Мәселен, зауыт маңында жаңа кәсіпорын шыңдалған шыны өндіруді бастауды жоспарлап отыр. Бұл өнімді YDA Industrial Park өз терезелері мен витраждарын жасау кезінде пайдалана алады.

Жаңа зауыт 2027 жылы іске қосылады

YDA Industrial Park өндірісін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазір кәсіпорында базальт негізіндегі және пенополиуретанды толтырғышы бар PIR сэндвич-панельдерін өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа өндірісті 2027 жылғы наурызда іске қосу көзделген.

Бұл жоба кәсіпорынның өнім түрлерін көбейтіп, құрылыс саласына қажетті материалдар өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.

Зауыттың өндірістік директорының айтуынша, кәсіпорын тек солтүстік өңірлермен шектелмей, Қазақстанның барлық өңіріндегі жобаларға қатысады.

YDA Group құрамындағы компаниялар құрылыс пен инфрақұрылым саласында да жұмыс істейді. Қазір холдинг Астана, Түркістан және Петропавл қалаларында үш аурухананың құрылысын жүргізіп жатыр. Осы нысандарға кәсіпорын медициналық жиһаздар, металл конструкциялары, қазандықтар мен қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар жеткізуге тапсырыстар орындауда.

Бұдан бөлек, компания Ақтау мен Түркістан қалаларындағы әуежайларға қатысты жобаларға қатысқан. Кәсіпорын өнімдері «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім беру мекемелерін жабдықтауға да жеткізіледі.

Осылайша, зауыттың өнімдері денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс және инфрақұрылым салаларында қолданылады.

Елорда өнеркәсібінің өсімі

Астанадағы өндірістік кәсіпорындардың дамуы қаланың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша елорда кәсіпорындарында өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,1 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға жоғары.

Өңдеу өнеркәсібінің үлесіне жалпы өнеркәсіп өндірісінің 93 пайыздан астамы тиесілі. Есепті кезеңде осы салада 2,9 трлн теңгенің өнімі өндірілді.

Өнеркәсіпті дамыту мен инвестиция тартуда «Астана – жаңа қала» және «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймақтары маңызды рөл атқарады. Бұл аймақтар ірі инвестициялық және өндірістік жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды.

Елорданың ірі өнеркәсіптік алаңдарының бірі – «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан № 1 индустриялық парк. Мұнда 145 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазір 103 кәсіпорын жұмыс істейді, тағы 42 жоба іске асыру кезеңінде.

Арнайы экономикалық аймақ аумағындағы кәсіпорындар 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашқан. Ал жүзеге асырылып жатқан жобалар аясында қосымша шамамен 2,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.

YDA Industrial Park сияқты өндірістік кәсіпорындардың дамуы елорданың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, отандық өндірісті кеңейтуге, заманауи технологияларды енгізуге және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді.

Наверх