Мектеп формасынан дәптерге дейін: Қазақстан оқушыларға қажетті тауарлардың қаншасын өзі өндіреді?

Елімізде мектеп формасын тұрақты негізде тігетін 40-қа жуық кәсіпорын бар. Олардың жылдық өндірістік қуаты шамамен 2 млн бұйым.

25 Тамыз 2026, 10:35
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов 25 Тамыз 2026, 10:35
25 Тамыз 2026, 10:35
198
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда мектеп формасын тұрақты негізде тігумен 153 сату нүктесі бар 40-қа жуық кәсіпорын айналысады. Олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына шамамен 2 млн бұйымды құрайды. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков BAQ.KZ тілшісінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елде 821 кәсіпорын киім өндірісімен, 72 кәсіпорын аяқ киім өндірумен айналысады.

Мектеп формасын тігетін кәсіпорындар өндірістік қуатына қарай бірнеше санатқа бөлінеді.

Шағын өндіріс орындары тәулігіне орта есеппен 15-тен 100-ге дейін жиынтық шығарады. Олардың қатарында «KAZTEX» ЖК және «Веста» тігін салоны» ЖШС бар.

Орта кәсіпорындардың тәуліктік өндірістік қуаты шамамен 200-400 жиынтықты құрайды. Бұл санатқа «GLASMAN» ЖШС, «Мимиорики» ЖШС және «ТФ Ажар» ЖШС жатады.

Ал ірі фабрикалардың өндірістік қуаты тәулігіне 500-700 жиынтыққа дейін жетеді. Олардың қатарында «Lider PROF FASHION» ЖШС, «Қазлегпром-Алматы» ЖШС және «Саран тігін-тоқыма фабрикасы «GalexPlus» ЖШС бар.

Кәсіпорындар мектеп костюмдері, пиджактар, шалбарлар, белдемшелер, жилеттер, сарафандар, көйлектер және мектеп формасының басқа да элементтерін шығарады.

Киім нарығындағы отандық өнімнің үлесі қандай?

2026 жылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның киім нарығының көлемі 516,1 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде отандық тауар өндірушілердің үлесі 8,6%, импорттық өнімнің үлесі 91,4% болды.

Министрліктің мәліметінше, мектеп формасы бойынша отандық тауар өндірушілердің үлесін жеке есептеу мүмкін емес. Себебі СЭҚ ТН бойынша мектеп формасы жеке тауар позициясы ретінде бөлінбейді. Мектеп және ересектер киімдері, оның ішінде костюмдер, бірдей тауар кодтары шеңберінде жіктеледі.

Осыған байланысты мектеп формасы бойынша отандық өнімнің нақты үлесін анықтау үшін қосымша деректер қажет.

Киім өндірісі қаншаға өсті?

2025 жылы Қазақстандағы киім өндірісінің көлемі 83,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 0,8%-ға жоғары. 2024 жылы киім өндірісінің көлемі 82,9 млрд теңге болған.

Аяқ киім өндірісі де өскен. 2025 жылы 1 181,9 мың жұп аяқ киім өндірілді. Бұл 2024 жылғы 1 023,2 мың данамен салыстырғанда 15,5%-ға көп.

Сонымен қатар аяқ киім нарығында отандық тауар өндірушілердің үлесі 0,9%, ал импорттық өнімнің үлесі 99,1% құрайды.

Дәптер өндіретін 69 кәсіпорын бар

Министрлік мәліметінше, Қазақстанда дәптер және күнделік өндірумен айналысатын 69 мекеме тіркелген.

Олардың қатарында Шымкент қаласындағы Dapter Line, Қарағанды облысындағы «Торг-Партнер» және A.V.Group, Алматы қаласындағы Print House Gerona, Астана қаласындағы «ИП Мегаполис-Астана» сияқты өндірушілер бар.

Отандық дәптер өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесі 10,6%.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда дәптер өндірісінің көлемі 760 тоннаны құрады.

Наверх