Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мектеп дәретханасындағы төбелес: Қызылордада оқушыны ұрып-соққан жағдай тергеліп жатыр

17 Қазан 2025, 15:43
646
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қызылордада мектеп оқушысын қатыгездікпен соққыға жыққан сәт түсірілген видео тарағаннан кейін полиция бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Белгілі болғандай, оқиға 8 қазанда болған. "Күзгі бал" конкурсы аяқталғаннан кейін жәбірленуші мен параллель сыныптағы бір қыздың арасында сөз таласы туындаған. Осыдан кейін әлгі қыздың сыныптасы жәбірленушіні мектеп дәретханасына "сөйлесуге" шақырған. Ол өзімен бірге "қолдау тобын" да ертіп келген.

Сөйтіп, жасөспірімдер дәретханада төбелескен. Оқиға кезінде дәретхананың есігін сырттан ұстап тұрғандар да, бәрін видеоға түсіріп алғандар да болған.

Адамдар тобымен жасалған бұзақылық дерегі бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізілуде. Күдіктілер - кәмелетке толмағандар ұсталып, полицияға жеткізілді. Сондай-ақ, кінәлі жасөспірімдердің заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылатындығына назар аударамыз, – деді Қызылорда облысының ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев.

Бұдан бөлек полиция қосымша шаралар қабылдау және осындай мінез-құлыққа ықпал ететін себептерді жою үшін әкімдік жанындағы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға ұсыныс енгізді.

Ведомствоның хабарлауынша, қылмыстық істі тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы