Алматы облысында мектеп оқушысының өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша кәмелетке толмаған күдікті екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Қасақана адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алу шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді Әділов Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, тергеушілер Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс жолдаған.
Мектеп басшылығы тарапынан да жауапкершілік қаралды. Нақты айтқанда, мектеп директоры қызметінен босатылды, ал оның орынбасары мен екі сынып жетекшісіне қатаң сөгіс жарияланды, – деп нақтылады вице-министр.
Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Еске сала кетсек, Алматы облысы Қаскелең қаласында мектеп бітіру кеші қайғылы жағдаймен аяқталды. Белгілі болғандай, ата-аналар балаларға кеш өткізу үшін коттедж жалдап берген.
Мерекелік кеш кезінде сыныптастар арасында жанжал туындаған. Ұлдардың бірі өз құрдасының сол жақ кеуде тұсына кәуап пісіретін шампур сұғып алған. Оқиға орнында жәбірленуші көз жұмған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті деп танылған марқұмның сыныптасы.