Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыстың мектебі жоқ 228 елді мекенінде тұратын 3497 баланың 80 пайызы мектепке арнайы автобуспен тасымалданса, қалған 20 пайызы мектеп жанындағы интернаттарда тұрып оқиды.
Бұл туралы бүгін ШҚО-дағы білім саласы сапасын қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Болат Атыбай аймақтық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихаты барысында хабарлады.
Балаларды орта біліммен қамту мақсатында 2804 оқушы мектепке автобуспен тасымалданса, 693 оқушы мектеп жанындағы интернаттарда тұрып, білім алады. Балаларды күнделікті тасымалдау көрсеткіші өңірде 100 пайызды құрайды. Бүгінгі күні оқушыларды орта білім мекемелеріне тасымалдау үшін облыста 165 автобус пайдаланылады, - дейді Болат Атыбай.
Өз кезегінде мектептер жанындағы автобус парктерін де жаңарту назардан тыс қалмауда. Атап айтсақ, 2016 жылдан бері облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа аймақтағы мектептерге 44 автобус сатып алынған. Ал биыл облыстық бюджет есебінен Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Алтай, Күршім, Көкпекті, Ұлан, Үржар және Шемонаиха аудандарындағы мектептерге 22 автобус сатып алу жоспарланып отыр.