Үш жылда Медсақтандыру қорына 298 млрд теңгеден астам қаржы жиналды

3 Сәуір 2020, 15:32
1516
Бөлісу:
Үш жылда Медсақтандыру қорына 298 млрд теңгеден астам қаржы жиналды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда Қорға қаржы жинақтау жалғасып жатыр. Сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 31 наурызына дейінгі аралықта Медициналық сақтандыру қорына 298,1 млрд теңгеден астам қаржы жинақталды.  

Бұл туралы Алматы қаласы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ филиалының директоры Нұрлыбек Қабдығапаров брифингте айтты.

Оның айтуынша, Алматы қаласы жарна төлеу жағынан көш бастап тұр. Жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астаналықтарға тиесілі. 

Атап айтқанда, алматылықтардың Қорға аударған жарнасы 60 млрд теңгеден асып жығылды. Оның 54,7 млрд теңгесі – жұмыс берушілерге тиесілі. Сондай-ақ, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 10 мыңға жуық алматылық 40,1 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлеген, - деді ол.

Сонымен қатар, ол Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың басында енгізілгенін айтып өтті. 

Әуелде жылдың бастапқы үш айы өтпелі кезең ретінде жарияланды. Себебі, жаңа жүйе болғандықтан әртүрлі сұрақтардың туындайтыны рас. Өтпелі кезең осындай мәселелерді шешіп, тұрғындардың жаңа жүйені бағалап, оның артықшылықтарын сезінуі үшін енгізілген болатын. Дегенмен, бұл Қазақстан азаматтары мен осында тұрақты тұратын шетелдіктерді жарна төлеу міндетінен босатпайды. Шілденің біріне дейін сақтандырылмаған тұрғындар МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалана алмайды, - деді Қабдығапаров.

Алайда, "сақтандыру жүйесіне енбеген азаматтар медициналық көмектен қағылады" дегенді білдірмейді. Мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медициналық көмек бар және ол барлық азаматқа көрсетіледі екен. 

Яғни, шұғыл жағдайларда әрбір адамға кез келген жерде көмек берілуі тиіс. Мысалы, олар бұрынғыша жедел жәрдем шақырта алады, созылмалы, қауіпті және әлеуметтік маңызы бар аурулар тегін емделеді, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі, - деді ол.
Бұған дейін МСҚ 1250-ден астам медициналық ұйыммен келісімшарт бекіткені хабарланған.

Өзгелердің жаңалығы