Енді елімізде медицина қызметкерлеріне күш көрсеткендер қатаң жазаланады. Күні кеше Мәжіліс Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. BAQ.KZ тілшісі осы орайда дәрігер пікірін тыңдады.
Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулер аясында медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты күш қолдану немесе күш қолдану қаупін төндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа 380-3-бап енгізіледі.
Енді жаңа заң медицина қызметкерлерін кәсіби міндетін атқару кезінде арнайы құқықтық қорғауға алады. Бұл – қауіпсіз медицина мен өзара құрметке жасалған маңызды қадам.
Қабылданған заң медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды әрі уақытылы, кезек күттірмейтін қадам, – дейді терапевт-профпатолог дәрігер Гульназ Бақытжанқызы. – Күнделікті жұмыс барысында сан түрлі пациент кездестіреміз. Еуропа елдеріндегідей пациенттің жай-күйін, психологиясын зерделеп барып дәрігерге бағыттайтын жүйе, әрине, бізде жоқ. Дегенмен, медицина мамандарын қорғауға бағытталған әрбір іс бізге күш береді.
Нақтылай кетсек, Қылмыстық кодекске арнайы 380-3-баптың енгізілуі дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерін кәсіби міндетін атқару кезінде ерекше құқықтық қорғауға ие тұлғалар ретінде нақты бекітеді.
380-3-бап – тек заң емес, алдын алу тетігі
Жазалардың қатаюы мемлекет тарапынан медицина қызметкеріне қол көтеру ауыр қылмыс ретінде бағаланатынын айқын көрсетеді. Бұл норма тек жазалау емес, алдын алу функциясын да атқарып, агрессияның азаюына ықпал етуі тиіс.
Сонымен қатар қорқыту мен психологиялық қысым үшін бөлек жауапкершіліктің енгізілуі құқық қолдану практикасын нақтылап, медицина қызметкерлерінің құқықтық және моральдық қорғалу деңгейін арттырады. Заңның тиімділігі оны іске асырудағы қатаңдық пен қоғамға түсіндіру жұмыстарының жүйелілігіне байланысты болады.