Медицинаны цифрландыру жаңа ауруларды болжауға көмектеседі - сенатор

12 Мамыр 2023, 13:04
1138
Бөлісу:
Медицинаны цифрландыру жаңа ауруларды болжауға көмектеседі - сенатор
Фото: автордан

Еліміздегі телемедицина және электронды денсаулық сақтау саласы бойынша халықаралық Телемедфорум өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жасанды интеллект, телемедицина және виртуалды шындық сияқты технологияларды дамытуды ескере отырып, медицинаны цифрландыру аясында өтіп жатқан форумда біршама мәселе қаралды.

Форумға медициналық ұйымдардың басшылары, депутаттар денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар, пациенттер қауымдастығы мен қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.

Барлық елде цифрлық денсаулық сақтау өте белсенді дамып жатыр. Қазақстанның жетістіктері де жоқ емес. Денсаулық сақтау жүйесінде соңғы 10 жылда цифрландыру бойынша өзгерістер бар. 2020 жылы пандемия онлайн қызметтердің дамуына түрткі болды. Біз Парламент тарапынан заңнамаға белгілі бір өзгерістер енгіздік. Бірақ, денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселесінде проблемалар да бар. Басқа салалардан қарағанда қалып жатырмыз. Елімізде денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру стратегиялық мәселе. Жалпы, бюджетті қалыптастырудан бастап, цифрландыру құралдары арқылы әрбір қазақстандық үшін қызметтер қолжетімді болуы керек. Бұл өте маңызды, - дейді сенат депутаты Ақмарал Әлназарова.

Оның айтуынша, бүгінде медицинадағы ақпараттық бағдарламалардың өте көп бөлігі бір-бірімен біріктірілмеген.

Негізі бұл қарапайым дәрігердің жұмысынан басталады. Ол науқастың барлық дерегін ақпараттық базаға енгізеді. Қағазбастылықтан дәрігерлерді құтқарғымыз келген. Дәрігер сол қағаз толтыруға көп уақыт жұмсайды. Оның орнына науқасқа көбірек көңіл бөлгені дұрыс. Осындай мәселелер бар. Егер алдағы уақытта шешімін тауып, дұрыс жолға қойылса, онда дәрігерлер үшін де тиімді болады. Бір батырманы басу арқылы медицинадағы цифрландыру жаңа ауруларды болжауға көмектеседі, - дейді сенатор.

Өзгелердің жаңалығы